Ұлым Нұратқа – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Ұлым Нұратқа» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 720
Ауылға қашып кетті төлім менің,
Ұқпадым неден сонша жерінгенін.
Қарашы, баламызбен екеуміздің
Әлден-ақ арамыздың бөлінгенін.
Қозы үнін аңсады ма қозым менің,
Дөңбекшіп төсегімде көз ілмедім.
Елжіреп іші-бауырым жылып отыр,
Білген соң қырдың желін сезінгенін.
Таңырқап таудан ақса бұлақ төмен,
Жүр дейді бірге ойнақтап лақпенен.
Сары уыз, бал қымыздың дәмін татып,
Алдына күнде жауып құлақ деген.
Жүр дейді гүлге еркелеп, құлдыраңдап,
Сағынсам барармын-ау бір күн арнап.
Енесін жаңа тапқан жас құлындай,
Қайтпасын кері қарай тұрмын аңдап.
Жүр дейді құтты ортаға бауыр басып,
Жүретін дуылдасып, қауымдасып.
Сағынттың, қадірлі ауыл – сабырлы әже,
Қолыма ұстатпайтын ауыр қасық...

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері