Байтақ өлкем, сен жаса – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Байтақ өлкем, сен жаса» атты Несіпбек Айтұлы жазған туған жер туралы өлең берілген.

Сырып тастап қараңғылық көрпесін,
Таң сәулесі аймалайды жер төсін.
Таң нұрындай тұтас сүйіп­-құшсам­ау,
Туған елдің таңғажайып өлкесін!
Ойхой, менің тақсіретті тау-далам,
Шаршап­талып жеттің аман­-сау маған.
Мен сендердің пора-пора көз жасың,
Бұлттарыңның бауырынан саулаған.
Қамқорларым, сендер барда дін аман,
Сәбиіңмін хабары жоқ күнәдан.
Разымын құшағыңда көз жұмсам,
Әр төбеңді тастамастан дұғадан.
Сендер бүтін тұрған кезде ел де аман,
Жыртылмайды ешқашанда жең­ жағам.
Шалқып жүрер менің ұлы шаттығым,
Құстарыңның қанатында самғаған.
Жылап жатқан жүрегімді уатқан,
Айналайын үстіңдегі шуақтан.
Көтерілем шыңыраудан шың болып,
Топырағыңнан алған титтей қуаттан!
Көз алартып саған дұшпан қараса,
Аспан асты тартар маған аласа.
Мың үшкіріп, садақаңа берейін,
Шыбын жаным керегіңе жараса!
Мен жасайын, байтақ өлкем, сен жаса,
Қор болмаспын қасиетің қолдаса.
Бұйырмайды маған бақыт ұшқыны,
Ең алдымен сенің бағың жанбаса!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері