Менің жұмбақ тағдырым

Бұл бетте «Менің жұмбақ тағдырым» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1236
Ей, ағайын, кел бері, күдіктенбе,
Шырық бұзар емеспін бүлік пенде.
Ар жағыңды отырам көріп­біліп,
Бармағыңды бірақ та бүгіп келме.
Өзің ішер өзенің лайланар,
Тас лақтырсаң мендегі тұнық көлге.
Қарап жүріп қазандай өкпең неге?
Түсінбесең түңілме, кектенбе де.
Адасқам жоқ ел аман, жұрт тынышта,
Таласқам жоқ шенге де, шекпенге де.
Менің жұмбақ тағдырым секілді бір
Тұңғиықтың түбіне шөккен кеме.
Шаршап жеткен жолаушы ем қанша жолдан,
Қас­кірпігім көрінбей шаң­тозаңнан.
Атан тартқан азапты бота көріп,
Азып­тозып, арқа етім арсаланған.
Шөккен кемеге ұқсасам сөкпе мені,
Толқын ұрып бір кезде парша болғам.
Өткен күннің шығармай зарын естен,
Шетен едім жартасты жарып өскен.
Мұсылманнан безініп доңыз баққан,
Аулақ салдым іргемді жарыместен.
Кең аспанның астынан пана таппай,
Ары көшкен қазақпын, бері көшкен.
Тасқа табан тілдірдім жосылдырып,
Қараңғы сай, тар кезең шошындырып.
Шыр айналып шықсам да шартарапты,
Тонаса да қарақшы шешіндіріп,
Қасиетін халқымның тонатпадым,
Бесігімді арқалап босып жүріп.
Қаңғыдың деп жүктеме кінә маған,
Кезім аз ба болдырған, тұралаған?
Келеді әлі жалғасып қуғын­сүргін,
Басталған сол «алқакөл­сұламадан».
Мен жыласам, солқылдап сен де жыла,
Көзің ақсын өзіңе жыламаған.
Жетісесің желігіп несіне сен,
Қазынаңды қолыңмен көсімесең.
Жуындыға майланып үлпершегің,
Шыбын саңғыр аузыңа есінесең.
Ит екеш ит таламас ұяласын,
Иттігіңді түсірші есіңе сен!
Сең көшуде бүгінде, сел көшуде,
Шыдаймысың дауылмен белдесуге?
Шілдей тозып, тарыдай бытырадық,
Жарай алмай өзара селбесуге.
Тату болсақ түп­түгел тұрмас па едік,
Толған айдай толықсып он бесінде.
Не жетпейді саған да, маған да осы?
Ортамызда атаның аман қосы.
Біздер қайда, ел қайда, басқа қайда,
Қайда тартып барады заман көші?
Қандасыңды қалайша жатырқайсың,
Қазақ тұр ғой,
Адамның адам досы!
Ашынғаннан зар жұтып, мұң шегемін,
Көлеңкелі көңілге нұр себемін.
Босағасын елімнің бекітетін,
Бірі болсам деп едім мың шегенің.
Сықпытыңды көрдім де секем алдым,
Осыншама дүрегей, дүмше ме едің?
Шынын айтсам, шамданып, екіленбе,
Сенен менің жанымның оты кем бе?
Алып қашып бөркімді әуре қылма,
Кібіртіктеп тұлпарым, шекігенге.
Тоным тозып, келсем де атым арып,
Жарық менің әйтеуір бетім елге.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Менің жұмбақ тағдырым өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Менің жұмбақ тағдырым өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Менің жұмбақ тағдырым өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Менің жұмбақ тағдырым өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері