Көзімдегі қарашық – Айнұр Төлеу

Бұл бетте «Көзімдегі қарашық» атты Айнұр Төлеу жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.09.2021
  • 0
  • 0
  • 971
Мезеттерге қосақталды мендегі сан от-арман,
Кеңістігім кем түспейді кең жазира Отаннан!
Ей, сұңғыла Тәуелсіздік!
Әуен сүздік сен жайлы
Жүрек дейтін сегізінші нотадан.
Сен соншалық қандай ең?
Алдаспанның алдындағы аласармас ардай ең!
Пәк арудың жарқыраған маңдайы ең!
Саған жетпей сырқат тапқан сабазың,
Сызданады жүрегіне қонбай ем...
Ұлы үмітсің,
күн боп бізге көк аспаннан жарқ еткен,
Саған қарай талпынып,
Бейкүнәлар тар құрсақты тәрк еткен!
Бақытсың сен,
Қона қалған басыма кеп жарасып,
Сен деп білдім бір биіктен тамып түссе жаңа шық,
Тәуелсіздік – таныстырған мына мөлдір әлемді,
Көзімдегі қарашық!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері