Өлең, жыр, ақындар

Жұлдыздың жұмыртқасындай

  • 25.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1042
Торғайдай миым тобықтай түйін түйе алмай,
Жастығым кетті сағымға сіңіп қиялдай.
Көшені кезген тәжіктің қайыршысындай,
Күндерден қайыр сұраймын енді ұялмай.
Сағыздай созса сағыныш мұңды сарғайтып,
Жарымас жаның жасырын сырды елге айтып.
Тасбақа тағдыр тапжылмай қойса табандап,
Күңіреніп жүріп, күн көрер екем мен қайтіп?
Құтылар ма екем жалыннан ішті шарпыған,
Жөнеп бір кетсем жоғалған көштің артынан.
Тылсымнан бірақ таптырмас кісікиіктей,
Айырған дүние атаның дәстүр­салтынан.
Тербейді түпсіз тереңге тартқан толғаныс,
Бабама телі жайлаудың төрі ол да алыс.
Атылып келіп, алқымнан ала түсердей,
Елестеп көзге, алдымда тұрған жолбарыс.
Ақырып тұрған жолбарыс – менің бейнетім,
Бейнелеп оны айтпаған жерде ой жетім.
Бозінген түстес боз үйлер еске түседі,
Шымшықтай жүрек шырылдай қалса кейде тым.
Бозінген боздап, боз үйлер қозғап дертімді,
Көкейде бұққан көңілдің күйі шертілді.
Көрінер ме екен орнындай өшкен ошақтың,
Төңкере қойсам төбесі тозған бөркімді?
Ықтасын болса пенденің бәрі жан сақтар,
Кеудемде менің жана алмай қалған қанша от бар.
Аспаннан түскен жұлдыздың жұмыртқасындай,
Ақбоз үй көрсем көзімнің жасы моншақтар...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қасым Аманжоловқа арыз айту

  • 0
  • 0

Көтеріл, тұр орныңнан, сөйле, Қасым,
Өлген деп ешкім сені ойламасын!
Салса да от пен суға жаны сірі,
Мына жұрт ақындармен ойнамасын!

Толық

Аңқау аю

  • 0
  • 0

Атам таңнан тұратын,
Ерттеп мініп құла атын,
Мойнына асып мылтығын,
Жаздай алмай бір тыным,

Толық

Көзімнен ғайып болды

  • 0
  • 0

Өмірдің ауыр жүгін арқалаған,
Көзімнен ғайып болды дархан анам.
Дауылды, боранды да сезбеуші едім,
Ол барда жел жағымды қалқалаған.

Толық