Өзімен өзі қайғылы – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Өзімен өзі қайғылы» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1164
Қанаты сынған көбелек,
Отырсың әрең қалтылдап.
Жүруші ең көкте әуелеп,
Танадай болып жалтылдап.
Мүсіркер сені кім елеп,
Іздемес жоқтап сай­сала.
Болдың да қалдың мүгедек,
Бейкүнә, момын, бейшара.
Шақырып гүлді алапқа,
Күліп тұр өмір алдағы.
Түсті екен нәзік қанатқа
Тағдырдың қандай салмағы?
Жарқ ете түсіп жоғалған,
Тірліктің нұры сен де бір.
Ғұмыры қысқа жаралған,
Бір нәзік сәуле менде жүр.
Сөнері оның қай күні
Құдайға ғана белгілі.
Өзімен өзі қайғылы,
Ұқпайсың, байғұс, сен мұны...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері