Өлең, жыр, ақындар

Бөліндім туған үйден

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 679
Несіне елес қуып, іздедім бақ,
Шаршадым түсемін деп ізге жұмбақ.
Бауырым, тіршіліктің түйір дәні
Болғанмен біреуге – арзан, бізге – қымбат.
Сол үшін Алтай бардық, Арқаны астық,
Жалғанның жарығына жанталастық.
Таяқты тар көпірде көп жедік те,
Аяқты ақсақ аттай тарта бастық.
Батыр да қылышынан қан сорғалар,
Басына бейнет түссе жан сауғалар.
Әкенің тозған тоны қырық жылғы,
Боранда қайсымызға қамсау болар?
Бөліндім туған үйден мен ертерек,
Көрмедім ағайынға көп еркелеп.
Жатырмын енді, міне, жар түбінде,
Теректі өзім еккен көлеңкелеп.
Кім ұғар сен сезбесең бұл жайымды,
Біртіндеп тұла бойға мұң жайылды.
Болашақ не сыйларын өзі білер,
Әзірге аман жүрген күн қайырлы.
Өмірдің әрбір жазы, әрбір қысы,
Келмейді әсте сырын алдырғысы.
Шығары қай жағыңнан тағы жұмбақ
Дамылсыз ұшып­қонған тағдыр құсы.
Арманды қуып бақтым бір кісідей,
Жолымды кесті қанша жынды сүрей.
Талайдың шындық көзі деп жүргені –
Мылтықтың үңірейген ұңғысы ғой.
Қайғыдан қатырмаса жаныңа мұз,
Адамға өткен күннің бәрі де аңыз.
Бауырым, бақыт деген – құстың сүті,
Таңдайға жоқты қалай тамызамыз?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әуенмен жаным достаспай

  • 0
  • 0

Әуенмен жаным достаспай,
Әнімді менің тыңдар кім?..
Алмасым тұрса тот баспай,
Алмасын жырдың турармын.

Толық

Ән-шашу

  • 0
  • 0

Домбырамды алайын,
Қанат қағайын!
Шырқап әнге салайын,
Тыңда, ағайын!

Толық

Қора толды...

  • 0
  • 0

Қора толды шартық пенен шатаға,
Қыста туған арамзаны атама!
Қотан жұтап – қозы ермеді саулыққа,
Қошқар біткен қырылғандай, о, тоба!

Толық

Қарап көріңіз