Қағып ап қарағайдай мүйізімді –
Несіпбек Айтұлы
Бұл бетте «Қағып ап қарағайдай мүйізімді» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Айналды бір суық жел жан қоймасқа,
Шама жоқ жапырақтай сарғаймасқа.
Келсаптың тұмсығындай көп соғылған,
Бұл күнде төбе тықыр, маңдай қасқа.
Жүріпақ ортасында ағайынның,
Басымды тау мен тасқа талай ұрдым.
Жүзіме өшпес таңба салып жатыр
Долданып беттен алған көкайыл күн.
Құбылды қырық мәрте, шіркін, заман,
Сайтандай артын ашып жырқылдаған.
Сырмақтай тозып біткен дүние мынау,
Көтеріп шаңын қақса бұрқылдаған.
Тасырға қашан түзу сөз дарыған,
Әр нәрсе арта қоймас өз қабынан.
Шөліне Кербаланың барады ұқсап,
Кең жаһан жалтжұлт етіп көз қарыған.
Қуалап қиырдағы көк сағымды,
Күлігі көңілімнің көп сабылды.
Қағып ап қарағайдай мүйізімді,
Біреулер күмістеген шақша қылды.
Баймен де, патшамен де тең жүр едім,
Төбеме кедейшілік төнді менің.
Көрініп өз мүйізім өзіме алтын,
Қолына әлдекімнің телміремін.
Мүсіркеп бірақ ешкім жарылқамас,
Қырқысқан қайда барсаң қалың талас.
Қол сынса жыртық жеңнен қайыр бар ма,
Бүркейтін бөрік те жоқ жарылса бас.
Бұйырар ит пен құсқа жемтік емен,
Дариға, дәурен қайда мен тілеген?!
Уақыттың сұр мысығы аңдуда енді,
Торғайдай тірлігімді тентіреген...
- Азамат Төре(авторлық ой)
- Азамат Төре
- Рабиндранат Тагор
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі