Өлең, жыр, ақындар

Қару-жарақ хақында

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1472
Сенің, Уақыт, жөнің жоқ-ау тарылар,
өмір бай ғой,
өлімде де бәрі бар:
газ, электр...
"момын қару" — қағаз ба,
ол да кейде бомба болып жарылар.
Өлтірудің оғы көп-ау,
көп тегі
шаң секілді балақтағы, шөптегі,
бомба да көп жұлдыздардай көктегі —
өлтірудің құралы көп, көп тегі.
Садақ түгіл, енді сізге жоқ мәңгі патронтаж;
қылыш жасау тоқталды.
Найза — ақсақтың таянышы боп қалды,
қорғасын оқ қоян үшін боп қалды.
Мейлі бомба, шоқпар мейлі ұрса да
өледі адам — бәрін, бәрін бір сана.
Баяғы қан,
ет — баяғы,
жүрек — сол,
қару қалай жиі ескірген мұншама?
Оқтарды да оқ өлтірді,
жүзі өлді қарулардың.
Бүлінді жұрт... түзелді.
Ұлы қару — Ерлік,
жалаң қолмен-ақ
бомбылардан қорғағанбыз біз Елді!
Ең қауіпті оқ — ой мен пиғыл, Айға анық,
ой мен пиғыл кетер екен қайда алып?!
Айта алмаған сөзі жаудың Біз жайлы
кетті бүгін бомбаларға айналып.
Содан, содан, содан өлім түрі көп.
өмір дағы кетті содан ірі боп.
Жаулар жайлы жаулардағы, құдірет,
жақсы ойласа, тым құрыса, бір рет!
Мылтық жасап жатыр біреу жан сала
түрен жасап жатыр біреу жан сала.
Қару керек өлтіруге адамды,
асырауға түрен керек қаншама!
Уақыт, уақыт! Кімге керек, жарқыным
өмір жасау өлтірулер арқылы...
Біздің қару — сәби тілі, қарт үні,
күш, қанағат, сезім, сана артығы,
жамандықты ұр, жақсылықтың бар түрі,
күннің нұры, найзағайдың жарқылы...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қару-жарақ хақында өлеңінің авторы кім?

Жұмекен Нәжімеденов — осы өлеңнің авторы.

Қару-жарақ хақында өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Қару-жарақ хақында өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмекен Нәжімеденов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қару-жарақ хақында өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері