Тағы да нан туралы – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Тағы да нан туралы» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1480
Нан көп дейсің, осы сөздің обалы
екеуміздің мойнымызда болады.
Анау кезде ашыққаның жоқ есте,
көп дегенің — масыққаның емес пе?!
Нан көп деген сөз бола ма, досым-ау,
көп ауызы бар халыққа осынау
Нанды көп деу — бір басыңа мың айып,
жамандықты ғана көп деу лайық.
Мейлің, мейлі, "ақылшы" ата, сөк мені —
көп бола ма таңның шығы шөптегі,
көп бола ма жаңбыр жауып өткені,
күннің нұры көп бола ма көктегі?!
Тегін татқан нанымды айтсам, ағайын,
осы менің нан таппаған бар айым.
Наным көп деп сөйлегенше шалықтап,
қолындағы кімнің наны — анықта.
Үзім нанда — тағдырлар бар, табан бар,
жан-терің бар, айналайын адамдар —
тоқпыз содан. Басқаша айту маған да ар,
Нан көп дейді нанын ақтамағандар...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері