Өлең, жыр, ақындар

Пайғамбарға (салла Аллаһу ғалейһи уа ассалам)

Пайғамбарға

Біз Сіз әкелген исламды кірлетіп алдық,
Санамызды дүниеге билетіп алдық.
Жетпіс үш түрлі топтарға бөлініп кетіп,
Шын мақсатымызды негізгі ұмытып қалдық.

Өзіңіз салған сүннетті ұстана білмей,
Құран-хадисті тастадық дүние іздей...
Шайтан лағинның досы боп, алдандық түгел,
Басқарып кетті нәпсіміз сананы билей.

Оқыдық тек Құранның әріп, харекеттерін,
Мұғжиза кітап жоғалтып шын қасиеттерін.
Сөреде қалды шаң басып, бетін ашпадық,
Құнсыз сыйлыққа айналды Құран Кәрімің.

Хадис жөнінде дау да көп, тартыс та шексіз,
Әр мәзхаб түрлі ақида ұстанған көппіз.
Тәкаппармыз біз, мұсылман мұсылманға жау,
Мейірімнен жұрдай алауыз, сан түрлі топпыз.

Дәлелдеп жүрміз әркімге әрдеңелерді,
"Менікі дұрыс!" - дейтұғын пенде көбейді.
Ақиқат жолы осындай болып тұрғанда,
Қайда шақырам білмеймін бейнамаз көпті.

Жамылғы шәлі ойыншыққа айналып кетті,
Блогер біткен бір киіп, біреуі шешті...
Намаз да ойыншық,
бір бастап, бір тастап жүрміз...
Қаһарына Аллаһ ұшырап қалмасақ нетті...?!

Бос болса бұрын адамдар зікір айтатын,
Ой-саналарын таза ұстап, аят жаттайтын.
Қазір адамдар түгелдей ғаламторда отыр,
Бір-бірін сөгіп, өсектеп, тілдеп, даттайтын.

Құранды саттық ақшаға үйрету үшін,
Тегін үйретсе салғырттық көп болады шын.
Иманы әлсіз, дөрекі, сабырсыз, надан,
Исламды мүлдем білмейтін үмбетіңізбін!

Кездесу шіркін бұйырар ма өзіңізбенен?
Кәусар бұлақтың бал суын армандай берем.
Бірақ Сіз мені көргенде не дейді екенсіз?
Сол жайлы бір сәт ойласам ұялып кетем..

Лайық емес-ау иманым Жәннатқа сірә,
Серік қоспадым деп жүрмін Жалғыз Раббыма.
Қиямет күні өтініш... мені іздеңізші...
Жетсе егер айтқан сәлемім құлағыңызға!

Салауат айтам мен Сізге я, РасулуЛлаһ!
Кірдіңіз менің түсіме (бұл да бір олжа).
Түйеге мініп соңыңнан барады екенмін,
Ұзын бір көштің ақ киіп орта тұсында.

Оқыған осы өлеңді намазхан достар,
Жәннатқа ерте кірсеңдер мені естеріңе ал!
Іздеңдер, сұрап, айнала Қасенбайқызы -
Гүлмекен қайда? Кірді ме? - деп сұраңыздар.

Білместікпенен жек көрсем кешіріңіздер,
Ауыр сөз айтсам санадан өшіріңіздер.
Мен толық кештім өзімді жек көргендерді,
Қарыз, хаққымды, ғайбат пен өсекті түгел.

Кешіре гөр, мына пендеңді, я Раббым Аллаһ!
Жүрегімді ашшы исламға, ісімді оңғарт.
Пайғамбар салған ақ жолдан тайдыра гөрме,
Истиғфар айтам Өзіңе кешірім сұрап!


Гүлмекен Қасенбайқызы
05.10.2025
Сағ: 06:30



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз