Менің жұпар иісімде жалбыз бар – Танакөз Толқынқызы

Бұл бетте «Менің жұпар иісімде жалбыз бар» атты Танакөз Толқынқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Менің жұпар иісімде жалбыз бар.
Жылытады ол тоңдырғанда жанды ызғар.
Көп нөпірдің келе жатсам ішінде
Мені танып қояды ылғи жалғыздар.

Менің жұпар иісімде жалбыз жүр.
Сырын таппай бақталасып сан қыз жүр…
Әлдекімді іздері хақ жан күзгі
Әлдекімін таппаған соң жалғыз жүр…

Сол жалбыздың өзісің ғой, жұпарым,
Үзілетін шағы жетті жұқаның…
Ең соңғы дем сен боп шығар кеудемнен
Сынған кезде саялаған бұтағым.

Менің жұпар болмысымда сен жүрсің.
Алғаш сені көргенімдей мөлдірсің…
Сенсіз өмір мүмкін болса, о, Тәңірім,
Осы күзден қалмай мені сендірсін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері