Тілек-бата
Адам-Aта жаратылғаннан бері ешкімнің істемек түгіл ойлауға батылы бармаған ерлікке жүрек тоқтатқан Марат Жыланбаев сапарына
Міне әділдік — қақ жарған қара қылды,
Ел таныды қамқорын саналы ұлды.
Есе кетіп жүргенде енді міне,
Даламызға баламыз пана болды.
Басқа қонған — масаям баққа шыным,
Ала алмаймын осындай шақта тыным.
Сөйлетеді сол кезде бір құдірет,
Жүрегіме сыймайды мақтанышым.
Бүкіл әлем мадақтап — жыртыла жақ,
Жатқандары бір бала, ұлты қазақ.
Озық келсе еңбегі сол баланың,
Әлсіз болса, қазаққа, жұртына жап.
Сұрай қалсаң — мақтандың неге, менен,
Жауап дайын — шыдаммен жеңе білдім.
Мен жүгіріп өтемін бар әлемді,
Жұрт айналса самолет, кемеменен.
Марат аты әлемге таратылды,
Кешкен Сахара, Қарақұмды
Австралия жерінде қыз сыйлаған,
Бүгін иіскеп өтіпті лала гүлді.
Жігіт бопты бір келін шаранасы,
Мақтан тұтар бар ата, бар анасы.
Тағы да елін әлемге танытпақшы —
Бар қазаққа теңелді қара басы.
Ақ жол! — саған, арманды арыстаным,
Дос боп кетсін жол үсті танысқаның.
Аман-есен жер шарын айналып шық,
Жауын қазақ сонда сен жанышқаның.
Жолың болсын, ақын жан, арманды інім,
Балтырыңның сезгенде талған күнін —
Аруақты есіңе ал — дем береді,
Кеше оны жоқ десе жалған бүгін.
Ассирия көргенде жапырағын,
Өтсең басып Вавилон топырағын —
Кешір деші — Ишпақай, Мади үшін,
Еске түссін қираған Отырарың.
Зар жылаған елінің жасын тыйып,
Қылыш алған қолына шашын түйіп —
Томиристің кездессең моласына,
Ана атынан сәлем ет басыңды иіп.
Жас басымен кісі етер күшті — атасын,
(Пендешілік — ұлтыңа іш тартасың) —
Алыссынбай соға кет немістерге,
Көре келші Шоқайдың Мұстафасын.
Жақсы атына мақтанбай тұра алмаймын,
Жақсылықты қызғансаң - ұлан, қайғың.
Мекке барсаң, жол түсіп — азан шақыр,
Мешітінде салдырған Құнанбайдың.
О, Тәңірі, ете гөр жолын анық,
Сақтан қалқам қалмасын қолың арып.
Аман келші, көтеріп ақ киізбен,
Теберікке жыртармыз тоныңды алып.
Жігерліге көрінбес ай да алыс тым,
Бұл бірі емес, тай жарыстың.
Бетіңді жу, дәм татып Ніл суынан,
Бір кездерде шомылған Бейбарыстың.
Ата жолы — өз жолың, бұным шын ба?
Алған менен кей-кейде ру сынға —
Бата ала кет атаңнан - Фарабиден,
Дамаскіге соға кет, бұрусын ба.
Жерің нұрлы — Көк Тәңір арайы ма?
Елің ақын — өлең, жыр сарайы ма?
Ерінбесең Парижге көз сала кел,
Әміренің ән салған сарайына.
Жан азығың — иман мен ар болғай тек,
Пейілінде ізгілік бар болғай тек.
Қалың елің тілейді тілегіңді,
Аруағы аталар жар болғай деп.
Сендей жандар арманның ағын ішті,
Ел бағына бақытың бағынышты.
Көк байрақтың аспаннан түсін көріп,
Елге деген басып ал сағынышты.
Шөлдей қалсаң арқанды кептіріп күн,
Еркіңе көн, ақыл мен ептіліктің.
Жан баққандар — саяжай аясында,
Бұл сапарың белгісі тектіліктің.
Ой қажаса сансыз күн жорытқанда,
Жер шетіне жете алмай қорыққанда
Қос қанатты тұлпарды, ел белгісін,
Есіңе алшы, дем берер торыққанда.
Қанша қауіп тұр екен күтіп алдан?
Осы жолға сыяды бүкіл арман!
Түркістаннан баста да Ұлы жолды,
Сапарыңды аяқта Отырардан.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі