Өлең, жыр, ақындар

Ана

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1175
Мезгіл жақсы,
тұрмыс бірақ күйгелек,
күйгелек қой көңіл шіркін — күй керек.
...Апыл-ғұпыл жаға, жеңін түймелеп
күнде шығам кішкене ұлды сүйрелеп.
Менің үшін басталады жаңа күн
қыңыр-керіс, қыңқылымен баланың.
Әрбір күннің жаңа мақсат, жаңа әнін
бала болып бастайды екен заманым.
Содан сәби үні, ұнат, ұнатпа —
кешке дейін кеп тұрады құлаққа!
Бала-бақша екі аттам жер, бірақ та
жүретұғын сықылдымын бір апта.
Ылғи бала сүйреген жұрт,
күл мейлің:
бірінің де аты-жөнін білмеймін.
Бірі менің тон, бөркімді күндейді,
ал, бірінің күлкісін мен күндеймін.
Күнде көрсең жөңкілген ел-топ әлгі,
қайсы жүздер бір жалт етіп жоғалды.
Тек оқшаулау жүретұғын қарт ана
көз алдымнан сол өшпейтін боп алды.
Үсті бүтін, жүзі жылы, тап қайғы
жеп тастаған адамға өңі жатпайды.
Әлденеге ынтық жандай ындыны,
ынтыққанын алуға, әттең, батпайды.
Әлде бөтен құпиясы бар мұның?
түңғыш сездім ақыл-ойдың тарлығын.
Сөз емес-ау "не жетпейді" деген сөз,
осы сөзде — кедей пиғыл, жарлы ұғым.
Соны ойласам әлі күнге дір етем;
сол жолы ана маған қарап тұр екен.
Сілем бердім.
"Балам, — деді, — үйге кір,
қазақсың ғой, парызың бар, жүр, өте".
Неткен парыз?
Алжыған-ау деп мүлдем,
үйге кірдім, түк түсінген жоқпын мен.
"Осы жерде қартайдым мен, — деді ана, —
қайырымдының жолын тосып көп күннен"
Содан кейін сәбиге айтты:
"күлші, ұлым,
үйірілші, менің титтей ұршығым.
Айқай салып шапқылашы, күлші-күл,
ал, мен шегіп алайын тек бір шылым".
"Ойна, ұлым!
Жүгір!
Секір!
Тұр!
Атыл!
Тасқын-күлкі, тау-бұлақтай құлатыл.
Бір шаңытсын едені бұл тұл үйдің,
қалсын үнің қабырғада мына тұл!"
Толғанды ана.
Ыңырсыды, ол енді
жатқа оқыды бір дастанды көлемді...
Тар үйде өсіп қағу көрген тентек ұл
ескі еденді дүрсілдете жөнелді.
Жан ауырды. Сол жанымды — мені емдер,
ана мұңы, маған жалғыз өлең бер!
Онда не тұр, жалғыз екен бір кемпір,
соны сөз ғып не табасың демеңдер.
Мысқал ойды, қалам, теріп ала біл,
сәби үні, қабырғада қала біл.
Бала жетім болушы еді бір кезде...
батты маған жетімдігі ананың.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Менің көршім

  • 0
  • 0

Мен ғашықпын, маған ғашық емес ол,
Білмейді әлде жек көріп те, сүйіп те?
Мен сияқты бойы аласа демесең,
ойы, сірә, менен көрі биікте.

Толық

Тепе-тең

  • 0
  • 0

Ей, Алатау, саған бұл
не болды жер бауырлап?
Бұлты қонып ғаламның
жатырмысың ауырлап?!

Толық

Шегініс

  • 0
  • 0

Қошалақ құм маңдайында Күн тұрды,
қабағында сенің жұмбақ мұң тұрды —
Сол екеуін салыстырып қарап ем,
жаным менің үркіп қалды бір түрлі.

Толық

Қарап көріңіз