Өлең, жыр, ақындар

Саидаға

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 978
Ей, кішкене бөбегім!
қызықтайсың әр нәрсені бір ұстап,
біріне, әттең, қарамайсың дұрыстап,
Сөзіме де түсінбейсің не менің.
Ұзақ жолға дайындалған кеменің
белгісі боп танылатын шет елде
Қызыл жібек желбірейді шекеңде —
ей, кішкене туым менің көтерген,
мен көрмеген мұхиттардан өтер ме ең,
аман-есен шекаралар дауынан,
түрлі-түсті түсінікпен ауырған
пиғылдардан,
толқындардан,
дауылдан!
Сүйкімдісің, өйткені, есің білмейсің,
ертеңге не қалатынын білмейсің:
бүгін қолыңды жалап тұрған күшіктің
ертең ит боп қабатынын білмейсің.
Ырыздық жиған — қап аларын білмейсің,
Жимағанды ел табаларын білмейсің.
Мамық майса қураса ертең табанға
тікен болып қадаларын білмейсің.
Бүгін нұрың тамып тұрған гүлдейсің,
боз қырауда не боларын білмейсің,
гүл таңдаған — шөп аларын білмейсің,
төбе азғанда сай боларын білмейсің,
пасықтықтың пайда аларын білмейсің,
қайғы-мұңның қайда барын білмейсің!
Сурет салып отырсың сен жасырып —
көк желкенде айна барын білмейсің.
Сені ерке еткен "таудай" әкең күні ертең
титтей төмпекке айналарын білмейсің!
Білме қызым,
білгендерге түсінбе,
ертең мықтап, түсінерің үшін де.
Әр минуттан қызық қарма, үміт тап,
ертеңгі мұң есебінен күліп бақ,
еркелеп бақ!
Ойна, ойна, бақыр, күл,
есебінен ертең кірер ақылың.
Бәлкім, ертең де еркелетер?
сенемін:
төбесіне тік көтерер сені елің
жалауындай алыс жүрер кеменің?
Ей, періштем, бөбегім!
Періштені көрген емен мен өмір.
Бірақ, бірақ мына сенің қасыңда
Оның-дағы пенделерден жасырған
Күнәсы көп болу керек дер едім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Саидаға өлеңінің авторы кім?

Жұмекен Нәжімеденов — осы өлеңнің авторы.

Саидаға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Саидаға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмекен Нәжімеденов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Саидаға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері