Ештеңе айтпайтын қарт
Мына момын даланың желі де есіп біткен-ді,
Момын толқын жарға ұрып,
бір солқ етіп бүктелді —
ымырт түсті Жайыққа,
аспанға ала бұлт келді.
Шоққа ырғалып қойылар қоңыр құман баяғы —
қоңырқай шал сөйлерде бір ырғалып қояды.
Киіз үйдің іргесі түріледі ондайда,
киіз қапты домбыра тіріледі ондайда.
— Уайхай, жалған дүние,
Жайық қайда, Жем қайда —
Құда түскен жылы екен хажы Ыбыраш Көлбайға.
Кемпірі де шалғайдан бір іледі ондайда:
— Бәлсінбей-ақ айтарын айта берсе болмай ма?!
— Шабалап қал,— дейді қарт, кемпіріне бір қарап,
домбыраның құс қолмен төсін осып тырнап ап,
сол тырнаған жерінен қан шығардай қызарып
үңіледі қақпаққа;
қоңыр ішекті ыза ғып
бірер іліп тағы да,
қой ішегін мақтайды,
күңіренер ед қой ішегі — саусақ, әттең, қақпайды.
— Жайық қайда, Жем қайда...
төккеніңнің бәрі — лас,
бұ суларға, сірә, енді мұз да қатып жарымас,
қатса — кісі көтермес,
әй, құрыған, құрыған-ақ,
майыспайтын мұз еді түйе тепсе сырғанақ.
Махамбет пен Исатай суды қорғап көп шапқан,
Жемді бойлап жең түріп,
ат суарған Боқсақтан.
Қазіргі жұрт деп пе едің:
қоңыр момын, қой-надан,
қанды кісі жоқ екен,
болса ше бір ойлы адам!
Уайхай, жалған дүние!—
қарт ыңырсып, ыңырсып,
өзіне ырза қатынша жіп иірген бір ұршық.
Шыдам бітіп, ішіңді жалап жатсын өрт мейлі,
ішекті бір қағады — күйін бірақ шертпейді.
— Айтса қайтед айтарын,— дейді тағы кемпірі,
— Шабалап қал,— дейді шал,— отырғанда мен тірі.
Кемпіріне қарайды тағы да бір қағына,
қоңыр ішекті ұлытып бір қағады тағы да.
Қоңыр құман тәрізді күлде қалған баяғы,
қоңырқай қарт тағы да бір қозғалып қояды.
Қоңыр-ала бұлт көшер
Жайыққа аунап қайтадан
Қоңыр самал еседі іргеліктен қайтадан,
Қоңыр домбыраға қарт бұрылады қайтадан.
қоңыр үйрек құсайды шабақ ілген шайқала,
не сол қоңыр құманша күлге қойған оты бар
қария да көрпеге батыңқырап отырар:
— Су да ағатын арындап Исатайдың барында,
Мына сорлы Жайықта — "адыра қалған Нарында".
Соңғы ұрыста Батырдың аты оққа ұшып мақтаған,
көз алдында қорқырап бара жатты Ақтабан.
Нақ сол сәтте Махамбет — әй, о да бір ер кісі —
ойнақтаған атынан түсіпті де жерге ұшып:
— Сіз мініңіз мұны,— деп тоса берген өз атын,
Исатайдың арқасы осындайда қозатын,
еркелігі жүректің — өрлігі ғой баяғы:
өзі — жаяу,
аттылы ақын досын аяды:
— Еркінситін мұншама — жеңілген жоқ жау әлі,
мен — шың едім, бар бұлтым енді саған ауады:
сенікі енді жаманат,
маған — жақсы ат, сауабы! —
Жаяу өлген сүйтіп Ер
Тәңірім, тыныш ұйқы бер,
әруақты ескі ерлерге!
Пай, бүгінгі күйкілер
өз басынан басқаға көңілі жоқ күй тілер,
уай, бәтшағар, бәтшағар, сенің бетің де үйтілер!
Жігіт азды дегенді кім айтса да — сөзі шын,
азбай қайтед жайылса әрқайсысы өзі үшін?!
Хажы Ыбыраш сол жылы құда түскен Көлбайға...
Исатайы бүгіннің жанын сатар еп десе,
ас жұқпайды — біреудің атын мініп кетпесе.
— Ас ал, — дейді кемпірі, — бітсін бұған түк қайтып,
бәлденгені банадан — осы еді ғой, — бітті айтып.
Шыбыртқысын өткеннің
өргенде өстіп таспалап,
әруағымен өлінің тірілерді жасқамақ!
Пиғылы арам кісінің басы — бас па, асқабақ,
енді дән жоқ бұ қартта! — дейді тағы кемпірі,
— Шалықтап қал! — дейді қарт, — отырғанда мен тірі.
Қоңыр шалдың әрнені "іші біле" қалады,
қоңыр үйдің іргесі түсіріле қалады.
Қоңыр бұлттар жел жоқта ірмеле бер, ірмеле,
қоңыр шанақ домбыра сүйеледі іргеге.
Анда-санда осындай кәрілерден тым құрса
дәме еткен де жақсы екен айтар-ау деп бірдеңе.
Екі-ақ сөзді соншама неге созды қастерлеп? —
дал боласың түсінбей: арқаң жіпсіп, бас терлеп.
Түйгеніңнен аз ғана айрыласың ондайда,
еңсең түсіп қаралай қайғырасың ондайда.
Хажы Ыбыраш қай жылы құда түсті Көлбайға
тап осыны білмей-ақ қартаюға болмай ма?!
Білем, қариялардың қалды азайып бұ түрі:
"алласы" бар аузында,
түсіп қалаған "шүкірі" —
көсеу-шал деп түйесің
жағатын тек күйесін,
түсіне алмай сөздерін,
тек мінезін сүйесің.
Ел қарттары бұлар да.
көңілінің кірі ғып,
әлдекімді кемітсе — қунап қалар тіріліп,
домбырасы — күмбірлеп,
іргелері — түріліп.
Қарт мінезі — қырсықтық дейсің,
бірақ осылар
айналаның бәрінен неге іздейді ірілік?
Ақыл - асқар, көл — сана,
заман ірі болса да,
ірілікті аңсаса ел — ұсақпыз ба соншама?!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі