Таң нұрына таласып – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Таң нұрына таласып» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1047
Таң нұрына таласып көз жанарым,
Аман тұрсам төсектен мәз боламын.
Жалап өткен жарқанат қанатындай,
Өмір неге осынша тез, қарағым?
Келе жатқан кідірмей ілгеріден,
Менен де ұзап барады күн­-керуен.
Көк дөненге көңілім мінгенімен,
Енді қанша, білмеймін, бірге жүрем?
Май тамызған ақын көп тілдерінен,
Сөз сарайын күзетіп күн көріп ем.
Келді-кетті демеңдер бір жолаушы,
Опырылса өзегім діңгегінен.
Күтіп алар келешек өз қонағын,
Қашан қайрат біткенше қозғаламын.
Жемтігіне айналмас жәндік бар ма,
Ажал деген ашқарақ тазқараның?
Жәндік емен жұтылар, атым – адам,
Рухым сөнбес тұрғанда отым аман.
Жылу болып кіремін керек қылсаң,
Жыртқыштардың көзіне шатынаған...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері