Өлең, жыр, ақындар

Қайғының түбі – қара су

  • 03.10.2021
  • 0
  • 0
  • 673
(Бейбіт Құсанбеков інім 40 жасқа толғанда шыққан өлең болатын. Өкінішке қарай, ол ойда жоқта дүние салды да, бұл өлең жарияланбай қалған еді. «Келіннің қойнын жылытсаң да, қара жер қойнын жылытпа» деппін, неге екенін білмеймін. Кім білсін, дүние жұмбақ қой...)

Бауырым, келдің қырыққа,
Көнбейді уақыт құрыққа.
Көңілдің құсын шарықтат,
Көзіңнің алды тұнықта.
Тастағы қына қып­-қызыл,
Кеберін қаңсып ұмытпа.
Иірілген ұршық жыланды
Іргеңе жақын жуытпа.
Ұлт үшін туған үмітсің,
Кілтсің ауыр құлыпқа.
Мұнартып мұңға батасың,
Мөңіреп тері тұлыпқа.
Үңіліп босқа қайтесің,
Үрейлі шыңырау құдыққа.
Қайғының түбі – қара су,
Шөліркеп әсте құнықпа.
Сарғайса ердің санасы,
Жұбанбас жүрек жуықта.
Табылмас жанның дауасы,
Табылар сылтау сыныққа.
Тоғайдың талы қиылар,
Сырғауыл сынса сырыққа.
Мәуелеп мақсат, мұратың,
Ұлассын ұрпақ-ұрыққа.
Имандай ұйып өсіп ең,
Атадан қалған ғұрыпқа.
Исең де басты үлкенге,
Бүкпедің тізе ұлыққа.
Қасқайып, інім, тарта бер,
Ұрынбай ызғар, суыққа.
Табаның тисін майсаға,
Жамандық жұқпай жұлыққа.
Жайлауы жүздің биікте,
Бүркеген басын бұлтқа.
Жетерсің жылжып оған да,
Көлігің жүрсе ырыққа.
Тоқтамай көшсең арыға,
Итіңді жұртта ұлытпа.
Келіннің қойнын жылытсаң да,
Қара жер қойнын жылытпа!..

17.08.2002



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырықтан асқан шағымда

  • 0
  • 0

Қырықтан асқан жастамын,
Қырқылжың тарта бастадым.
Құбыла соққан құйындай
Қылықтың бәрін тастадым.

Толық

Емен

  • 0
  • 0

Өркен жайған, еңсесі көк тіреген,
Көктем сайын жапырағы түлеген,
Жолаушылар көлеңкесін саялап,
Жыл құстары бұтағына түнеген,

Толық

Үзілмеңдер, үндістер!

  • 0
  • 0

Қапас-қасірет түкпірінде
Сорлы үндістер жылайды.
Қарғап-сілеп бiттi мүлде
Тағдырды да құдайды.

Толық

Қарап көріңіз