Қиял – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Қиял» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1118
Шытынап бара жатыр басым неге?
Білемін –
Шаршадың сен, асыл неме.
Өзгеріп секундқа ай мен жылдар,
Сағатқа қысқармайды ғасыр неге?
Айналып жұмыр жерге басым неге,
Орман боп шуламайды шашым неге?
Көкірегім бола қалып алып мұхит,
Жүрегім жүзіп жүрсе – жасыл кеме.
Көз жасым жұлдыз болып шашылмай ма,
Жанарым күн боп көкке асылмай ма?
Тұратын мың құбылып жан дүнием
Жаңа бір әлем болып ашылмай ма?
Ғажап-ау
Орындалса көңілдегім,
Ақтарып тұрсам ылғи өмір кенін.
Біреулер әуреленіп жүрсе, шіркін,
Шеше алмай құпиямды небір менің...

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері