Бесінші белес – Айтқали Нәріков‎

Бұл бетте «Бесінші белес» атты Айтқали Нәріков‎ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.11.2015
  • 0
  • 0
  • 2265
Десек тe табиғатта жарасым бар,
Мезгілдің айырайық арасын дәл.
Кеп-кеше жалт-жұлт еткен жігіт едім,
Ей, жылдар, қайда асығып барасыңдар.
Бұл жайлы бас ауыртып ойладым көп,
Айта алман тойдың бәрін тойладым деп.
Соңымда қырық қырқа жатса-дағы,
Өмірдің қызығына тойғаным жоқ.
Әлі де аңсап тұрам таң самалын,
Әр күнді үмітпенен қарсы аламын.
Жалыны жүрегімнің лапылдап тұр,
Әзірге байқалмайды шаршағаным.
Дос-жарға атанғам жоқ ерке тегін,
Сондықтан солмақ емес ерте көгім.
Жасының кішілігін базына қып,
Інілер шал деп қалса, селк етемін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері