Өлең, жыр, ақындар

Қарлығаш

  • 05.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1599
Толғанып терең ойға баттым, ағай,
Бір таңға көз іле алмай жаттым, ағай.
Жайдары жүрегіме от боп түсті,
Әр сөзі сіздің жазған хаттың, ағай.
Сөзім жоқ жалғыз ауыз қарсы қояр,
Әр сөзің ем секілді-ақ дертті жояр.
Қорғаған бұтағыңмен бəйтерек ең,
Қай жағынан болса да көңілім тояр.
Таба алмас қазақ қызы сіздей аға,
Етегін жел жаққа ұстап болған пана.
Ақ жүрек, адал ниет, асыл сөзді,
Тең тұтқан ғылым, білім артық баға.
Артық деп айта алмаймын сізден басым,
Қыз алып, қызық көрер қамал жасың.
Сырымның бір түйінін түйіп салдым,
Шешсін деп өзі аңғарып мағынасын.
Гүл еккен қаратасқа бір қарлығаш,
Мəпелеп өсірем деп шыбықты жас.
Тамырын балшық тасып орнықтырып,
Қорекке тасушы еді аузымен ас.
Шырылдап қос қанатын көлеңке ғып,
Қорғайтын гүл тамырын қызғанда тас.
Қандырмай гүл сусынын қоймаушы еді,
Тамшы ғып ағызса да көзінен жас.
Қарлығаш қанатымен су себелеп,
Өскен гүл болып шықты елден ерек.
Сол шыбық мəуелі ағаш болған шақта,
Көбіне-ақ жан-жануар болды керек.
Құрт мұжып, гүлін сормақ көп көбелек,
Шынарға жабылғанда өскен бөлек.
Мейірімді бір қыранның көзі түсті,
Ерте ұшып қалықтаған тау көбелеп.
Шынардың басында еді құзғын қарға,
Қожаңдап сұс көрсеткен басқаларға.
Тырнағын батырып ол гүл бүріне,
Шайқалтып жас шынарды салған зарға.
Қыран құс қиялап кеп шыңнан ұшқан,
Қанатын қағып өтті қарға тұстан.
Сол құстың қанатынан соққан желден,
Шынардан құрт, көбелек, қарға да ұшқан.
Баяғы бейнет көрген жас қарлығаш,
Гүл егіп тырнағымен қашаған тас.
Қыранға мың бір рахмет алғыс айтты,
Жүректе қуанышы, көзінде жас.
Ойлады ол өзімдік деп енді шынар,
Кетті деп құрт, көбелек гүлге құмар.
Шынарға енді өзі ұя салып,
Емген ед еңбек жемісін көңіл тынар...
Батырдай қорғау үшін туған елін,
Сата ма қанатының қыран желін.
Мен бір жан қарлығаштың қамын күткен,
Ағатай, əділдеп шеш осы жерін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төребай мен Сара

  • 0
  • 0

Біледі, Үйсін, Найман Сара екенім,
Жасымнан өлең қуған жан екенім.
Еліне Төребай да болыс бопты-ау,
Ығында жүруші еді Қаракеңнің.

Толық

Ортақ мұң

  • 0
  • 0

Ортақ мұң əркімнің-ақ ойын тербеп,
Азаттық жыры айтылса-ақ арман кернеп.
Намысы əр əйелдің түрткілейді,
«Сараны сайратуға жəрдем бер» деп.

Толық

Сара мен Құдайберген

  • 0
  • 0

Келін боп бұл ауылға Сара келді,
Қолына домбырасын ала келді.
Төлімен Тасыбайды көбейтсем деп,
Ішіне бір баласын сала келді.

Толық

Қарап көріңіз