Өлең, жыр, ақындар

Торығам

  • 05.10.2021
  • 0
  • 0
  • 787
...Қысылма, қызым! – дейтін Павел ата,
Болды ма айтатұғын сөзі қата?
Жақындап Жиенқұлдың қыл шылбыры,
Барады буындырып жанға бата.
Қайда өзі, азаттығы «ішкі жақтың»?
«Арманы болмақ», – деген ісі ақтың.
Айтқалы Павел ата үміт күтіп,
Қажымай жылға тарта шыдап бақтым.
Қай жақта, Омбы деген қандай қала?
Көз жетер төңірегім мидай дала.
Күсембай қарт Павелмен қатар барып,
Омбыдан үйренбекші қандай сана?
Жұмбағын Павел қарттың жете білмей,
Ойланам оңашада көзімді ілмей.
«Түбінде жетім-жесір жеңеді», – деген,
Сөздері таңдандырад ішке кірмей.
Айтса рас, болса-дағы қай халықта,
Секілді кедей күйі бір қалыпта.
«Бірлесіп барлық ұлттар жеңіс табад!»
Деген сөз ұға алмаймын, шын анық па?
Шынында, орыстан көп халық бар ма,
Көп жерден шықпай ма көп зарыққанда!
Бостандық туын солар көтермекші,
Шынымен сенер болсақ Павел шалға.
Қарт айтқан: «Батыс жақтан ататын таң»,
«Әлемге орнап келмек əділдік заң».
Көзімен еш белгісі көрінбейді,
Ол үшін ел ішінде істелген қам.
Тосушы ем жақсылықты шын қуанып,
Қарт айтқан жұбанарлық сөзге уанып.
Көңіліме ешбір медеу көрінбейді,
Айналам қалыбында тұр қуарып.
Төңірегім үнсіз, тілсіз меңіреу дала,
Ыстық жел өрт жүргендей бетті шала.
Өзгенің өзегінде сілкіну жоқ,
Қарт сыры мəлім бе тек маған ғана.
Ақылсыз ағайындар, елім-мешеу,
Селт етпес күнде күйіп жатсың нешеу.
Бүгінгі жіберілген қателікке
Демейді түзетуге ертең кеш-ау.
Қарт Павел Күсембаймен басын қосып,
Жүр ме екен бостандықтың жолын тосып.
Келуі солардың кеш бола ма деп,
Қорқамын Жиенқұлдан жаным шошып.
Адам жоқ ағайыннан ақылдасар,
Жерім жоқ жаудан басымды алып қашар.
Ертең күн екі адам кеп дұзақ салса,
Істермін қанша қайрат мен бір нашар.
Сарғайдым, сағынып көп, Күсембайым,
Қинады қиындалып менің жайым.
Жарамның дертін жазар сен деуші едім,
Көлеңкең көкейіме түскен сайын.
Қайтейін, қазір жоқсың сен де мұнда,
Қалмады қақсай-қақсай менде құн да.
«Тағдырдың бұйрығынан» бұлтара алмай,
Күн жетті таба болар Жиенқұлға.
Осылай күңіренемін есіз үйде,
Бұраймын домбырамды мұңлы күйге.
Кеудемді тыныс кере уһілесем,
Омыраудан үзіледі таққан түйме.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ортақ мұң

  • 0
  • 0

Ортақ мұң əркімнің-ақ ойын тербеп,
Азаттық жыры айтылса-ақ арман кернеп.
Намысы əр əйелдің түрткілейді,
«Сараны сайратуға жəрдем бер» деп.

Толық

Жүрек

  • 0
  • 0

Жүректен жанға жылы сөз бар ма елде,
Жүрексіз тірлік бар ма суда, жерде?
Қашанда өмір жыры – жүрек сыры
Біреуін сол жүректің айтам мен де.

Толық

Төребай мен Сара

  • 0
  • 0

Біледі, Үйсін, Найман Сара екенім,
Жасымнан өлең қуған жан екенім.
Еліне Төребай да болыс бопты-ау,
Ығында жүруші еді Қаракеңнің.

Толық

Қарап көріңіз