Әке жұртында

Бұл бетте «Әке жұртында» атты Несіпбек Айтұлы жазған әке туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 07.10.2021
  • 0
  • 0
  • 874
«Іліндім құрығына кәріліктің,
Барады еті қашып кәрі жіліктің.
Шарлаған қазақ жерін қайран басым,
Түбіне түсерсің­ау құр құдықтың,
Түбіне түскеннен соң құр құдықтың,
Құнына татымассың бір шыбықтың».
Ақындай қызыл тілмен сөз күреген,
Әкетай, осылай деп жаздың өлең.
Жылдардың жүгі жаншып езгілеген,
Осы екен есіл ғұмыр тозды деген.
Жамырап қонған қоныс, жүрген жерің,
Жас буды жанарымды бірден менің.
Жалғанда жоқтығыңды шын сезініп,
Секілді тоңған торғай дірдеңдедім.
Ажалға амал бар ма – хақтың ісі,
Тірліктің сөгілмейтін жоқ тігісі.
Қарадым қыр басына қайта-қайта,
Көрінген өзің бе деп атты кісі.
Жол түсіп келген сайын Сартауқұмға,
Елесің салар мені сарсаң мұңға.
Қадірлі қонағыңдай күтіп алып,
Күлімдеп тұрушы едің қарсы алдымда.
Сөзіңнен санадағы өмір маздап,
Өткеннің отырушы ең бәрін қозғап.
Тиянақ таппай тұрмын кең даладан,
Зар болып көлеңкеңе жаным боздап.
Құлазып атамекен, өскен өңір,
Басынан талайлардың көшкен өмір.
Қасымнан қайта шыға қалатындай,
Іздеймін таңертең де, кешке де бір.
Әулеттің иесі едің ел құраған,
Білемін, оралмайсың енді маған.
Ізіңе басып өткен куә болып,
Шарлаған, шиырлаған қалды далаң.
Сарқылып сарқыраған бал бұлағым,
Сүйенер арқамдағы тау құладың.
Жоқ қазір мені күтіп өзің барда,
Ерттеулі тұратұғын арғымағым!..
Алаңсыз еркелікке орын қалмай,
Әп­-сәтте кең дүнием тарылғандай.
Түстің­ау от пен суға, қайран әке,
Шырылдап мен дегенде жаның қалмай!..
Білдім бе, қадіріңді білмедім бе?
Жауапсыз бір сұрақ тұр сұм көңілде.
Жаныңды жабырқатсам кешіргейсің,
Жын қуып, желге мініп жүргенімде.
Өмірдің басы – сайран, аяғы – жым,
Айтқаны тура келді баяғының.
Соққысы кімге болсын ауыр тиер,
Тағдырдың тастан қатты таяғының...

05.06.2014


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Әке жұртында өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Әке жұртында өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Әке жұртында өлеңі не туралы?

Бұл шығарма әке туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Әке жұртында өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері