Гагарин жайлы хикая – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Гагарин жайлы хикая» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.11.2021
  • 0
  • 0
  • 776
«Гагарин ұшты!
Ғарышпен даңқы ұласты!» –
Деген сөзге Мырзағұл қарсыласты.
«Шайтан ісі, шіп­шикі өтірік», – деп
Молда көршім дес бермей талқыласты.
Дабыл қызды!
Олжас та жырға басты,
Ол да түзей алмады тыңдамасты.
Жезқазғанда ең үлкен дін иесі
Сармолдаға жеткіздім бұл таласты.
Сөредегі қопарды ол сан мұраны,
Тірі Абайдай кітапшыл сән құрады.
Оқып­оқып тіл қатты:
«Мырзағұлдар
Дінді осылай ұятқа қалдырады.
Сауаты аз молда ғой қазақтағы, –
Деді, – тағдыр сондайдан тазартпады.
Сөгіп қайтем,
Інішегім, дімкәс сөзін,
Шаңдай сілкіп тастай бер балақтағы.
Есер қораз мезгілсіз шақырады,
Ел не десін жетпесе ақыл нәрі?
Ғарышқа ұшу –
Алланың құдіреті,
Әлі талай қызыққа батырады.
Кітап сөзі құптайды, дұрыстайды,
Даналар да Платондай суыспайды.
Іші тарын адамның,
Жер бетіне
Келешекте қырқысып, сыйыспайды.
Мекен табу ғарыштан – талаптары,
Жұлдыз таңдап, көрсетер ғажапты әлі.
Тек адамзат тыныштық сақтаса екен,
Ынсап берсін!» – деп сөзін аяқтады.

22.04.2009


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері