Өзінді осы жерден көрген едім
Бұл бетте «Өзінді осы жерден көрген едім» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Өзінді осы жерден көрген едім,
Өрмелеп тасым тұрған өрге менің.
Бақыттан бұлдыраған көздеріме
Теңселіп кетіп еді жер дегенің.
Қысылдым, еркін жүрер жол тарылып,
Тіреліп кірпігіме шалқар үміт.
Айрылған кемедей бір бағытынан
Тербеліп тұрып қалғам, аңтарылып.
Жұлдызым жанғандай көз қарасымда,
Айналып бара жаттың дара шыңға.
Бір түрлі күнәдан пәк хал кешіп ем,
Тұрғандай өң мен түстің арасында.
Сен болып әйнегіммен ай қараған,
(Ай мені байқаса да, байқамаған).
Жалт еткен жанарымнан, беу, дүние-ай,
Сол бір сәт соғар ма екен қайта маған?!
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі