Көше – ағын, қозғалған ояу қала – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Көше – ағын, қозғалған ояу қала» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 716
Көше – ағын, қозғалған ояу қала,
Адымдаймын асықпай баяу ғана.
Еске сені салады елестетіп
Біз кездесе беретін аялдама...
Білем, көңіл күйіңді баяндама,
Теңемегін сен мені ай, алмаға.
Кеудемдегі тасыған сезімімді
Төгерімді білмеймін қай арнаға.
Түк сезбейді біз жайлы мынау қала,
Екеумізді тұр бүркеп мұнар ғана.
Пенде болып қаламыз, қиялдағы
Мен – шынар, сен ұқсамай қыранға да...
Қара ағаштың тұрып ап қасына біз,
Өзімізді өзгеден жасырамыз.
Айтарымыз таусылып: «Ал, жақсы!» – деп,
Қоштасуға тезірек асығамыз.
Көше – ағыс, келемін түсімді ойлап,
Сөз астарын өкінем түсінбей қап.
Кешкі күндей өртеніп алаулаймын,
Қимас сезім сәулесі ішімде ойнап...
Ояу өмір айнала, ояу қала,
Жапырақтар билейді баяу ғана.
Осынау бір орта жас, орта жолда
Аялдатпай жүр ме екен аялдама...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері