Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 727
Мен өмірде көп нәрсемді жоғалттым,
Жас күнімді, мас күнімді баянды.
Жылағанмын бақытымды тонап түн,
Жылдарымды тоқтата алмай аяулы.
Жоғалттым көп ыстық жүрек достарды,
Бәлкім оған кінәлі өзім болармын.
Көкірегім талай рет бос қалды,
Талай рет асылымнан тоналдым.
Жоғалттым мен сағыныштың жолдарын,
Және – ұзақ, көзім талып күтуді.
Қызғанбаймын жақсылықтың ал, бәрін,
Ойлағандар есеппенен ұтуды...
Жоғалттым көп жылдарымды жазбай-ақ,
Дүниеге қараймын жәй қызықпай.
Ә, дегенше-ақ алдарқатып көз бояп,
Біздің бастан өтіп кеткен қызықтай...
Жоғалттым мен сүйгенімді теңеусіз,
Сол арқылы көп нәрсемді жоғалттым.
Содан кейін өтті өмірім елеусіз,
Ешкімге де келмей ешбір қол артқым.
Мен өзімше көріп бәрін сезіндім,
Бұл басымды дүние жеңбей, ой жеңді?
Көп жоғалттым, жоғалтпадым өзіңнің
Кеудемдегі күлімдеген бейнеңді.
Арым қинап түстім тірі отқа да,
Тілім шықты, тілін жалап жалынның.
Көп жоғалттым, жоғалтпадым тек қана
Сол баяғы нәзіктігін жанымның...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері