Өлең, жыр, ақындар

Ардақты менің - Атамекенім

Сүйіспеншіліктен туған өлеңім:
Басымды ылғи иіп келемін,
Тарихы бітпес, дариға өлкем
Ардақты менің-Атамекенім!

Бабалар қорғап, қан төккен жерім,
Ұрпаққа қалған кіршіксіз сенім,
Ақыны ылғи жаза беретін
Ардақты менің- Атамекенім!

Самалы қырда билеген керім,
Байлыққа толы суың мен жерің.
Отыз жыл міне, тәуелсізсің сен,
Ардақты менің-Атамекенім!

Тау-тасың көркем қарай беремін,
Әр атқан таңнан арай көремін.
Бақыт құсы кеп ұясын салған,
Ардақты менің-Атамекенім!

Қазақстаным-Отаным менің!
Жайқалып өскен гүліңмін сенің.
Мен үшін қымбат,асыл мұрасын.
Ардақтап өтем, Атамекенім!

Сыналған батыр бабамның жаны,
Төгілген қанша қазақтың қаны,
Шекарамның бүгін қазығы берік.
Атамекенімнің бейбіт ақ таңы.

Ақ қарға жазған қанмен аттарын,
Желтоқсандағы батыр ағаларым.
Жасамасыншы ертеңгі ұрпақ,
Атамекенге қиянаттарын.

Қаламгер қызың арнады бүгін,
Еліне деген мерейлі жырын,
Мәңгілік менің туған үйімсің
Қамқорың болам, Атамекенім!

Жазарым болдың өлеңімдегі,
Айтарым болдың қызыл тілдегі,
Өзіңе арнап жыр төге беремін,
Атамекенімсің жүрегімдегі!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар