Өлең, жыр, ақындар

Жаза

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 796
Адалмын деп жүрген түрiң осы ма –
деп – қарағым, өтiнемiн, шошыма...
Мән берместен өтiрiктi жәй ғана
айта салдым жақын көрер досыма.
Айта салдым бiр сөздi мен өтiрiк.
Айта салдым сөйлеп тұрып көпiрiп.
Өтiрiктi айтқаныма
тiптi де
опынғам жоқ санды соғып, өкiнiп.
Жұмысым жоқ –
кешiрмей ме, кеше ме –
қайталадым оны сонсоң нешеме.
Қалды досым сенiп менiң сөзiме,
Ал мен кеттiм шығып сыртқа – көшеге.
...Ағаштардың жапырағын тонаған,
сұп-суық жел соғып тұрды даладан...
Жақын досқа айтып кеттiм өтiрiк.
Соншалықты мән бергем жоқ мен оған.
...Әлдеқандай бiр жапырақ сыбырлап,
жүрегiмдi кеттi менiң сығымдап.
Келе жаттым қызыл iңiр iшiнде,
жел соғып тұр iшiн тартып, суылдап.
Арасында қапас пенен аластың,
жүре-жүре ақырында адастым...
...Бiреу маған қарап тұрды қадалып
кеуiп қалған тасасынан ағаштың.
Түйiп келiп жiбергендей желкеге
шатқалақтап...
қалдым аман...
мәртебе! –
Сол бiр адам қарап тұрған қадалып
досым екен өлiп қалған ертеде.
Жүрегiмдi лап еткен от жалап бiр,
кеткендей-ақ болды жанды тонап бiр...
Жас сорғалап жанарынан –
қадалып –
өлiп қалған досым маған қарап тұр.
Қалдым тұрып, –
алға жүрмей, шегiнбей.
Табан астым жiбермейдi желiмдей.
Үнсiз қарап тұрды-дағы сол досым
басын шайқап...
жоқ боп кеттi көрiнбей.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таудағы түнгі үрей

  • 0
  • 0

Тауда адастым.
Ұзамай түн басты.
Түнмен бірге
Үрей де келді:

Толық

Қайдан келдiңдер, торғайлар?

  • 0
  • 0

Қайдан келдiңдер, торғайлар?
Қайдан?
Қай жақтан?
Сендегi жүректер тоңбай ма,

Толық

Күзгі көңіл

  • 0
  • 0

Күз жылайды күнiмен, күз жылайды түнiмен,
тұнжырайды күнiмен, тұнжырайды түнiмен.
Жұмсақ, бiрақ ап-ауыр дыбысы оның қосылар
кеудемдегi сарғайған сағыныштың үнiмен.

Толық

Қарап көріңіз