Өлең, жыр, ақындар

Үлгеру керек бәрiне

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1428
Үлгеру керек бәрiне!
Елiрiп босқа есiңнен танып емiнбей,
көз сүзбей гүлге, көктемге,
көшеге, баққа, аспанға, —
iлесу үшiн осынау шулы өмiрге
бағынбастан жазу керек өлеңдi
графикке,
режимге,
жоспарға.
Жазу керек
әуезге толы дауысын күзгi құстардың
түстiкке қарай тартатын шұбап, қайқайып,
жұмысшы бұлшық еттерiн
балғаны соққан созылып барып шалқайып,
өзеннiң,
көлдiң,
жапырақтардың тынысын,
алаңсыз жүрген сәбидiң қүмбыл үнi мен
қойшының түнгi айқайын.
Жазу керек
осынау қатал өмiрден
өзгеше жұмсақ,
өзгеше жеңiл сөз күтпей.
Қалса да сенiң кеудеңде
дерт болып қатқан мұң тұнып,
шатырлап сынған аспанда
найзағайлардай бұлқынып
үлгеру керек бәрiне
телеграфтардағы тездiкпен.
Сыпырып тастап шүмектеп аққан терiңдi
жазу керек
қалдырмай әр дем, әр үндi,
шегi жоқ шетсiз мезгiлдiң
қуатын, күшiн, түр-түсiн.
Жатуы керек, әйтеуiр,
соңғы бiр жазған жырыңда
осынау шулы өмiрдiң
соңғы бiр күрсiнiсi мен
соңғы бiр жарқын күлкiсi!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үйлер

  • 0
  • 0

Замананың рух күшiн ашқандай,
үйлер, үйлер көтерiлiп аспанға
сөйлеп тұрар құдiреттi үндермен
бетондармен жазылған бiр дастандай.

Толық

Түс

  • 0
  • 0

Шаршағам-ау,
iсiн көрiп iскердiң.
Шаршағам-ау,
iшiн көрiп iскеннiң, –

Толық

Өмір

  • 0
  • 0

Сен, өмiр,
Қаталсың, қаттысың.
Ащысың!
Сонда да тәттiсiң.

Толық