Өлең, жыр, ақындар

Ақбоз аттай атқан таң

  • 03.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1032
1969 жылдың ерте көктемі. Қазақ Алатауын бетке алып, Ол қашып келеді... Артында мұздай қаруланған қуғыншы шеріктер... Алдында – бейтаныс Атамекен. Астында – арындаған ақбоз ат. Қасында – күшігінен асыраған көк төбет. Қараңғы түнде ақ алмастай қақ жарып, ақбозды сипай қамшылап, маңдайынан суық тері тамшылап, Ол қашып келеді...

... Жарқыратып мынау түнек жан-жақты,
Ақбоз аттай алабұртып таң да атты.
Шыққан күннің шұғыласына шағылып,
Заңғар таудың қойнауында қар жатты.

«Тұрмын, міне, шекараның шегінде,
Артта – тажал,
Алда – Атажұрт, шегінбе...
Ақбоз аттың үстінде бір шіреніп,
Болады енді шылымыңды шегуге...

Қош, туған жер, арылмаған түнектен,
Шеңгел шықты, топырағыңа гүл ексем.
Қош, ауылдың таңғы ақбоз түтіні,
Сенің иісің арылмайды жүректен».

Тар жол тайғақ,
Қилы заман,
Қилы күн.
Жол үстінде жан жолдасын қиды кім?!
Екі көзден бірдей ағып сорасы,
Ит қыңсылап, бұлаңдатты құйрығын...

«Қош бол, сен де
Кәрі жолдас – төбетім,
Сөгілгендей болды менің көк етім.
Бұдан әрі менің Атамекенім,
Оған сенің түрің жоқ қой көнетін...»

Қаһарлы тау.
Қалың орман.
Жол жырақ...
Ақбоз аты қалды қарға омбылап.
Қашқын қазақ бара жатыр жаяулап,
Жанарынан жылап ағып сор-бұлақ...

« – Бұл далада сенен жақын кісі жоқ,
Жанып барам көкірегіме түсіп от.
Мені тастап қайда зытып барасың,
Бұрылмайсың шақырсам да кісінеп».

« – Пендемін ғой, күшім әлсіз, айлам көп,
Арпалыстым жапан дала майдан боп.
Шырқыраған дауысыңды естідім,
Бұрылсам да саған менің пайдам жоқ...»

Ол үнсіз маңып барады...

«Қуғыншы артта қалды. Ендігі жерде ажалың жаудан емес, таудан болады... Қарлы бораны ақ түнекке айналып бораса, мені ақ кебінге мың мәрте орап, айдалаға қалдырар... Азық таусылды... Тым ұзап кетпей тұрғанда, артыма қайта бұрылып: "Менде азық жоқ, сенде жазық жоқ" деп ақбозымды сойып, арқалап алсам ба екен.

***

Дауыл тұрды, кетті айнала тасқын боп.
Паналады ол дәу шыршаның астын кеп.
Ол ұйқыға батқан кезде қалжырап,
Ақбоз атты қойған еді қасқыр жеп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жылқы кісінейді

  • 0
  • 0

Басып алды меңіреу, түнек көңілді – Ой,
Айналамның бәрі Қорқыт көріндей.
Жұлдыз да жоқ, Шырақ та жоқ, Ай да жоқ,
Алатау да бұғып қалды көрінбей.

Толық

Ұйқым келмейді

  • 0
  • 0

Мынау бір терең көл дейді,
Мынау бір терең көл дейді.
«Түбіне дейін бойласаң,
Шортандай шоршып ойнасаң –

Толық

Мінез

  • 0
  • 0

Жылқы текті жануар ғой –
Құс қорек,
Оған біткен күмбір әуен,
Түс те ерек.

Толық

Қарап көріңіз