Қыз мұңы – Жәркен Бөдешұлы

Бұл бетте «Қыз мұңы» атты Жәркен Бөдешұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1690
Басылмаған сонысы,
Абыржыды қыз қатты.
Етіктің тар қонышы,
Тоқ балтырын сыздатты.
Етікшіге ерте кеп,
Кеңейтті тар қонышын.
Тым ебдейсіз еркелеп,
Созды асығыс қол ұшын...
Қайта айналып қонды күз,
Бұлтқа кірді ай жүдеп.
Балаусадай солды қыз,
Жас жүрегін қайғы жеп.
Мысқа айналып алтыны,
Жылады ару солқылдып.
Семіп қалған балтыры,
Кең қонышта қолпылдап...
Етікшіге тағы кеп,
Кең қонышты тарылтты.
Баяғыдай бабы жоқ,
Қам көңіл боп қамықты.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері