Тамылжытып тереңім тар түнекті – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Тамылжытып тереңім тар түнекті» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 866
Тамылжытып тереңім тар түнекті,
Лапылдаған жанартау шарпып өтті.
Ормандарға ойланып үңілгенім -
Аяқтамай тұрғаным жарты бетті.
Толқимын деп тұңғиық жанталасты,
Биден озып шығам деп ән таласты.
Аспан әнін айтуға дауысы алтын
Алты қазым айналды алты алашты.
Сыңсығанда төбемнен құстың әні,
Сонша сұлу көрінді ішкі мәні.
Қара түсті өлкеде қар көшеді,
Боранының дыбысы ышқынады.
Қара түсті өлкеде қар көшеді,
Бағаланып бақытқа әр кесегі.
Аппақ гүлдер жабады бар көшені,
Мөлдірлікке тұнады Ар кешені.
Шымшық мезгіл жаға алмай шамшырақты,
Әуелеген көңілден ән сұратты.
Қарлығаштың қанаты тоңып қалды,
Нысана қып ұшқанда қарсы бақты.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері