Өлең, жыр, ақындар

Күн – жүрек

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 402
поэма

Халық жазушысы, ақиық абыз ақын Әбділда Тәжібаевқа арнаймын.

Кіріспе
Хаттар,
Хаттар,
Таусылмас шежіре бір,
Жүрегіңмен,
Жаныңмен сезіне біл!
Мен үшін бұл
Қазына баға жетпес,
Оттай болып басылар көзіме кіл...
Өмір – өзен,
Әкетті жойқын ағын,
Жыр-ағыста
Тәтті үміт,
Ой қуамын.
Жебеп-жасқап жүретін сонда мені
Осы хаттар – киелі бойтұмарым!
Шаттығым да,
Мұңым да бірге менің
Жиырма жыл осылай бір келемін.
Бұл хаттардан,
Білемін,
Өзгелер де
Таба аларын өзіне бір керегін.
Өйткені,
Үлкен мектеп бұл өнегелі,
Оқып шықсаң,
Көсегең көгереді.
Мен ғана емес,
Бәріне жас ұрпақтың
Дәл осындай бір мектеп керек еді.
Ұстазы – Ақын,
Көп оның үйретері,
Өзі бастап
Сені өрге сүйретеді.
Көкірегіңе кіргізіп
Жарық күнді,
Қабырғасын түнектің күйретеді.
Жарық күндей
Таратқан жиі ұшқынын,
Жетті маған осы бір
Тым ыстық үн...
Не үйрендім,
Не түйдім, бұл мектептен
Жеткізуге өзгеге тиістімін!
Құпия әлем...
Ал, оның кілті кімде?
Кілт болмаса,
Ашылмас құлпы мүлде.
Сыр сандықты ашайын,
Хаттар,
Хаттар,
Бүгін қайта сөйлеңдер
Жыр тілінде!
Ғасыр бойы
Тірліктің тынбас әні,
Ғасырлармен
Сан ұрпақ бір жасады.
Бірі – мен де,
Біреуі – дүлдүл ақын,
Екі ұрпақтың өкілі сырласады.

Жас ұрпақ:
– Сау-саламат бармысыз,
Ақын аға!
Қанды жаспен
Жазылды хатым, аға!
Басқа түскен ауыр хал,
Қасіретті
Ұға алмаса жақының
Жат ұға ма?..
Түсті де ағып,
Бір жұлдыз
Жарып түнді,
Жалғандығын бұл өмір тағы ұқтырды.
Ұзақ жылға созылған жасырын дерт,
Жан әкемді біржола алып тынды.
Ақпан айы...
Күн бұрқақ,
Дала мұз, қар,
Үй ішін де әп-сәтте орады ызғар.
Қала бердік шырылдап
Қос балапан
Қанаты әлі қатпаған сарыауыздар...
Жыласа да көз жасын жасыра тым,
Оңашада “аһ!” ұрып ашынатын,
Анам байғұс,
Қырыққа жетер-жетпес
Қалды осылай
Жамылып жесір атын.
Алаңсыз ем...
Ол күндер елес бүгін,
Ертеңім де бұлыңғыр,
Көмескі үнім...
Бауырлары әкемнің әлі де жас,
Арқа сүйер дәл қазір жоқ ешкімім.
“Жетім-жесір жанға енді қарамақ кім?”
Деген бір ой
Жанымды жаралап тым,
Арман – құсым
Ұша алмай сынық қанат,
Мұң-теңізге шым батып бара жаттым.
Сосын қайта
Жанардай алдан бағым,
Жанталасып
Тағы да тал қармадым.
Тал қармадым...
Тірлікке табан тіреп,
Бір тілдесу
Сізбенен болды арманым...

Аға ұрпақ:
– Хатыңды алдым,
“Ағалап” шырылдаған,
Шырылдаған
Шағынып мұңын маған.
Көңіл айтудың
Кестесін келтіре алмай,
Бас қатырар мұндайда шынында адам...
Мен де, міне, біле алмай
Не дерімді,
Тоқысын деп көңілге керегіңді,
Өзімнің бір
“Адам” деп аталатын
Саған жолдап отырмын өлеңімді.
Сезіну үшін
Қадірін жаны асылдың,
Жаны асылдың,
Әкеңдей жанашырдың.
Мұндай өлең
Көп керек саған, қалқам,
Емдеп жазар көңілдің наласын мың.
Ақ арманын ертеңгі жалғап таңға,
Адамды біз тиіспіз ардақтауға.
Сенің әкең Сыздықтай
Аяулы дос,
Ағаны біз тиіспіз ардақтауға.
Туған жер деп
Жүрек сан ұшқын атты,
Келді-ау талай
Ауылға ұшқым-ақ тым...
Қартайған жан
Бірақ та, айналайын,
Қос қанаты қайырылған
Құс сияқты...
Көңілі жеткен жерлерге
Өзі бармай,
Қарт адамның қиналған кезі қандай!
Қомданғанмен
Жаза алмас қанатын кең,
Соны жастар жатады-ау
Сезіне алмай...
Көп нәрсеге
Қалыпсың өрең жетіп,
Жігер-қайрат берейін жеделдетіп.
Келеді адам өмірге,
Кетеді адам,
Қайран, өмір,
Барады менен де өтіп...
Түсті де еске
Бұлдырап бала күнім,
Бірге өткерген әкеңмен балалығым,
Мен де егілдім...
Бірақ та, қайран досты,
Арашалап ажалдан алады кім?
Ажал – бейне оқ,
Тиді де сұлатты кеп,
Арашалай алмайсың сұрап-тілеп.
Тоқтата алмас
Оны ешбір құдірет-күш,
Айта алмайсың тағы да
“Кім атты?” деп...
Сондықтан да
Бүгінгі қамыңды ойлап,
Беліңді бу,
Бойға жый сабыр, қайрат!
Тірі адамға – тіршілік.
Қалқам, енді,
Табан тіреп тірлікке
Тамыр бойлат!
Тамыр жайсаң тереңге
Әлденерсің,
Әлденерсің, әрнеге мән берерсің.
Ащысын да өмірдің
Тәттісін де,
Тіршілікке осынау тән көрерсің.
Қажет соның барлығын қабылдауың,
Алма-кезек татарсың
Балын да,
Уын...
Алдыңда әлі өмірің,
Бәрі алдыңда!
Қалқам,
Мұнша тарынып неғылғаның?
Ауырлықтың салмағын
Нар көтерер,
Нар кеуделі азамат жан көтерер.
Қыз да болсаң
Ерге тән қасиет тап,
Құйын-тағдыр
Жасықты шаңға көмер...
Тірлік үшін
О баста жаралғансың,
Тот баспасын
Төзімнің ақ алмасын!
Тағдыр артса салмағын,
Көтер бәрін!
Сондықтан сен – адамсың.
Сен – Адамсың!!!

Жас ұрпақ:
– Қайта оралып
Қонды ғой бағым маған!
Қайран, жүрек,
О, қалай жарылмаған?!
Бір ғажайып күй кештім...
Бүгін әкем
Тіріліп кеп,
Дегендей:
– Жаным, балам!

Әке рухы:
– Жаным, балам!
Әсершілдеу
Балалық шағында адам,
Жаның жасып,
Сынбасын сағың, балам!
Сен жыласаң,
Сүртетін көз жасыңды
Жақсы адамдар
Жүреді жаныңда әман.
Рас,
Менсіз
Көңілің жарым, балам,
Бірақ жан жоқ
Жазмышқа бағынбаған.
Мені іздесең,
Әбділдам
Мен боп жетіп,
Жан тілегің болады қабыл, балам!
Тіршіліктің
Қарсы алып жаңа таңын
Оянбаймын
Мен енді, балапаным.
Мені іздесең,
Әбділдам
Мына мен боп,
Маңдайыңа төсейді алақанын.
Бердім сені,
Қарағым,
Сеніп соған,
Бір адамың сол болар
Сені ұқса адам...
Тірлік – күрес!
Сүрінсең,
Тік тұруды
Үйретеді қол ұшын беріп саған.
Жүрегі оның
Жарық күн,
Таңға ғашық,
Кешірімсіз
Оты жоқ жанға жасық.
Жігеріңді жасытпай,
Ер соңынан!
Ер соңынан, қарағым,
Қалма адасып!..

Жас ұрпақ:
... Қуат құйып жаныма
Осы бір үн,
Көңілімнің
Келді ғой хошы бүгін!
Бұлт ішінен жарқ етіп
Күн шыққандай
Менен көшіп үдере
Жосыды мұң...
Қандай жарық,
Дүние,
Көркем еді!
Шақырғандай
Ғажайып ертегі елі...
Мен өмірге ғашықпын,
Ғашықпын мен!
Тірлік үшін
Қанша адам тер төгеді?!
Талап қуған
Мен-дағы балаусамын,
Оттан,
Судан тайынбас алау шағым.
Батаңызды беріңіз!
Сіз секілді
Ақын болу –
Бұл күнгі бар аңсарым...

Аға ұрпақ:
Әкем менің қандай жан?
Жоқ есімде...
Елестете алмаймын елесін де.
Тек, әйтеуір,
Шаңырағын биік ұстап,
Жүзіп келем тірліктің кемесінде.
Тажал – тағдыр
Жұтам деп күш қылғанда,
Күш қылғанда,
От бүркіп ысқырғанда,
Қарсы тұрдым
Жеңілмей...
"Жеңемін" деп
Жүрегімде жалын-өрт,
Ұшқын барда.
Солай, қалқам,
Сынбадым,
Үгілмедім,
Мынау жарық дүниеден
Түңілмедім.
Келіп жеттім
Кешеден
Осы күнге,
Айтарым көп
Ұрпаққа бүгін менің!
Сол ұрпақтың бірі – сен!
Тыңда, балам!
Құлазыған кезіңде,
Мұң қамаған,
Өзіңді-өзің жеңуің қажеттігін
Есіңе ал да,
Төзімді шыңда, балам!
Аға ұрпақтың
Жалғасы сен деп білем,
Құлағымды
Сен жаққа сергек түрем.
Адам болу
Сен үшін ең бастысы,
Жақсылықтың бесігін тербет кілең!
Ізгіліктің
Жан болсаң нұры сіңген,
Қалдырарсың
Артыңда із бір ісіңмен.
Адамдығың өлшенер
Сөзбен емес,
Бар болмысың
Тіршілік-тынысыңмен...
Қолыңа алсаң
Талап қып қаламыңды,
Қуана мен құптармын талабыңды.
Қашан болсын,
Қамқорың болам,
Қалқам,
Қалт жібермей
Бағып әр қадамыңды.
Нәрлендір де
Көгерт жыр-бәйтерегін!
Нәр бере алмай қуартсаң
Қайтер едің?
Өз орныңды тапсаң
Сен мына өмірден,
“Нағыз адам!”
Деп өзі-ақ айтар елің.
Сүрлеу сал да,
Тап тыңнан жаңадан жол,
Мен батамды берейін,
Тек, адам бол!
Болашаққа
Жолымды жалғап барар,
Адамзаттың ұрпағы –
Сен аман бол!!!

ТҮЙІН
– Көктем де өтер,
Жаз жетіп,
Келеді күз,
Күз демімен
Қариды денені мұз.
Жылыту үшін
Өзіңді,
Өзгелерді,
Жалыныңды кемітпе, – деп едіңіз.
Ұсынады жемісін
Мәуелі күз,
Табылады еңбектен керегіміз.
Осы бастан
Өндіріп іс етпесең
Өкінерсің кейіндеу, – деп едіңіз.
Қалмау үшін
Біз өткен көнеріп із,
Қаулау үшін
Жас өркен өреніміз,
Бұлақ көзін
Аршимын құм ішінен
Шөл қандырса кәусары, – деп едіңіз.
Жанарыңыз,
Қарасам,
От тұнғандай,
Сұсы басып
Дұшпанын жоқ қылғандай.
“Мен іздеген биіктен табылмадың
Жалқаусың-ау, әй, балам!” деп тұрғандай.
Өзімнің де
Тұрқым жоқ жақтырғандай,
Жауым жасып,
Достарым тақ тұрғандай.
Қоламтадай
Бықсыған күйім мынау,
Жалын үрлеп,
От көсеп жаттым жанбай...
Енді, міне,
Жанымды жасқап арым,
Жүзіңізге қарауға жасқанамын.
Ісін істеп кәдімгі жас баланың,
Жер шұқимын...
Таба алмай басқа амалын.
Күн өткердім қаншама?
Байқамадым...
Жыл өткердім қаншама?
Байқамадым...
Өмір жолы бұралаң,
Өткердім мен
Сын өткелін қаншама?
Байқамадым...
Құмдар көшті қаншама?
Байқамадым...
Шыңдар шөкті қаншама?
Байқамадым...
“Не тындырдың тірлікте?” –
Деп сұраса,
Болашаққа не жауап қайтарамын?..
“Заман жүгін,
Ел мұңын арқаладым”
Дей алам ба?..
О, қалай айта аламын?!
Азаматтық парызым
Жанымды үгіп,
Жел өтінде тұрғандай шайқаламын...
Енді менің
Хақым жоқ үндемеуге,
Енді менің
Хақым жоқ гүлдемеуге.
Жанартау боп
Атылмай өздігінен
Қалай сыйып
Отты ағыс жүр кеудемде?!
Енжарлықтың шекпенін шешіп алып,
Бауырымды жазайын көсіле анық.
Қалай жүрем жер басып,
Адам болып,
Қала алмасам
Тағдырдан несібе алып?!
Қатал тағдыр қысқанда мені қатты,
“Басыңа, – деп – орнауы кәміл ақ күн”
Қолтығымнан сүйеген
Сізді көрем
Қол арттырып тұлпарға
«Сенім» атты.
Тауға-тасқа соқтырып
Кәззап көңіл,
Содан кейін
Кешсем мен азап селін.
Оттан,
Судан
Құтқарар бойтұмарым –
Сіз дарытқан осы бір
ҒАЖАП СЕНІМ!!!

1985 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көгілдір жыр

  • 0
  • 0

Көгілдір көктем!
Шуағыңды аямай төгіп келіп,
Тіршілікті ояттың желік беріп.
Сазды әніңмен билетіп балбұлақты,

Толық

Апта айларға

  • 0
  • 0

Апта айларға,
Айлар жылға жалғасып
Жаз жылысты,
Сары күзбен алмасып.

Толық

Мен сенің бақытыңмын

  • 0
  • 0

Бірге өзіңмен
Қарсы алып ерте күнді,
Бүгінді емес,
Ойлайтын ертеңіңді.

Толық

Қарап көріңіз