Сен отызға толғанда

Бұл бетте «Сен отызға толғанда» атты Қатира Жәленова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1040
Ерекше сый көрерсің елден бүгін,
Отырарсың орын ап төрден, күнім!
Бүгінгі күн
Сен үшін өзгешелеу...
Мерейлі той,
Дүниеге келген күнің!
Тұр, амандас!
Жатсынбай отызбенен...
Байсалды да,
Тым ойлы отыз деген.
Уақыт шіркін,
Көңілге дес бере ме?
Күндер қайда,
Махаббат, от іздеген?..
Күндер қайда,
Жамылып жасыл бақты,
Бал бақыттан
Айналған басың қатты?
Жүйрік жылдың
Жасырып қанатына,
Уақыт сенен
Тағы бір жас ұрлапты...
Күндер қайда,
Жұлдызға жуықтаған?
Күндер қайда,
Сезімді суытпаған?
Желік көңіл
Түсті де сабасына,
Отыз келіп
Жиырмаңды құлыптаған.
Отыз деген
Күрделі, қиын екен,
Болар енді
Тірліктің күйі бөтен.
Бұрынғыдан ой басқа,
Арман басқа...
Бұл да болса
Тағдырдың сыйы, көкем!
Сабырменен барлайсың жан-жағыңды,
Ақыл-оймен болжайсың алдағыңды.
Арзан күлкі,
Даңғаза шудан қашып,
Талпынасың саналы таңға нұрлы.
Нарттай болып батқанда
Шұғыла күн,
Қара шашын жаяды
Құбыла түн...
Осылайша
Күн мен түн жиі алмасып,
Жыл өтеді...
Шамаң жоқ бұрылатын.
Жетті, міне, отызға толған күнің,
Отырарсың орын ап төрден бүгін.
Тәтті жырмен жетейін бөлісуге
Сенің қуанышыңды елден бұрын!
Мен осылай
Өзіңе асығамын!
(Болмасам да бұл күнде асыл әнің)
Сезім – гүл боп ғажайып ашыламын,
Сағыныш боп кеудеңе басыламын!
Сан естелік
Санаңда тіріледі,
Менің бағам күн санап білінеді.
Орын тепсін кеудеңнен
Мың қыз келіп,
Алмастыра алмайды бірі мені!
Қанатымен
Музаның жебейін мен,
Ере алмасаң соңымнан,
Не дейін мен?
Қара үздіріп
Сағымға сіңіп кетсем,
Іздермісің
Мені өксіп өгей үнмен?
Ол кездері,
Кім білсін, не боларын?
Бәлкім, солай із-түзсіз жоғаламын!
Жүрегімнің суытпай мол алауын,
Бәлкім, саған қайыра ораламын...
Бүгін – мейрам!
Сен жақта күлкі керім,
Дос-жарандар қаумалай дүркірер күн.
Сол қуаныш үстінде ақ ниетпен
Менің саған білдірер шын тілегім:
"Желік қуған жел күндер өтті деймін,
Ой көзімен қарар күн жетті деймін.
Қайда жүрсең,
Қолдасын махаббатым,
Отызыңда орда бұз", – деп тілеймін.
ТУҒАН КҮНІҢМЕН!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Сен отызға толғанда өлеңінің авторы кім?

Қатира Жәленова — осы өлеңнің авторы.

Сен отызға толғанда өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Сен отызға толғанда өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қатира Жәленова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Сен отызға толғанда өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері