Ескі досқа

Бұл бетте «Ескі досқа» атты Қатира Жәленова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1188
Жастықтың бірге өткізген
Қызғын күнін,
Мен ем ғой
Қасыңдағы қыздың бірі...
Қашаннан сыр алысқан достар едік,
Қалайша көңіл жібін үздің бүгін?
Жан едің
Мінезіңнен көктем ескен,
Күніміз болмап еді өкпелескен.
Шалқайып кетіпсің-ау
Кеуде керіп,
Кезіңде бастық боп
Шен-шекпен өскен.
Апыр-ай,
Өзгергенсің мұнша қалай?
Аспанын көңіліңнің
Тұмшаламай,
Аңқылдап жүруші едің
Ашық-жарқын,
Өзіңді
Өзгелерден шың санамай.
Бұл күнде
Пайда болып көздегенің,
Әзәзіл жасатыпты-ау өз дегенін.
Есептің құрбаны боп
Қайран, достық,
Еш құны қалмағанын сезбеп едім.
Көрсетіп
Мінезіңнің қиғаштығын,
Іс еттің
Тіпті ақылға сыймас бүгін.
Адамдық қасиетіңнен
Не қалар-ау,
Сатулы болғаннан соң
Сыйластығың...
Жас құсы
Үмітімнің ұшпай қалып,
Алтыным
Аяқ-асты мысқа айналып,
Отырмын
“Достық” атты аяулы ұғым,
Быт-шыт боп бір-ақ сәтте...
Іштей налып...
Жана алмай
Арманымның шамшырағы,
Жүрегім қансырады...
Қансырады...
Бас кеспек болғанымен
Тіл кеспек жоқ,
Сөз – сүңгім
Саған енді шаншылады.
Табаны жер тіремес тасқанда адам,
Кеудеңді неғылайын аспандаған?
Менің де жетіп жатыр
Өз биігім,
Жырыммен ел алдында
Асқан бағам.
Жандай бір
Төбесімен көк тіреген,
Тірестің “ақын” деген тектіменен.
Сен жаққа сұранып тұр
“Дөкей досым”
Тілімнің ұшындағы өткір өлең.
Кім көрген
Бақ-дәулеттің тұрақтысын?..
Талайды мықтымсынған
Құлатты шың...
Дейді ғой
“Семіздікті қой көтерер”
Сен-дағы
Тым семірген сияқтысың.
“Сақина тілеп алып сау басыңа”
Ескі дос,
Бара жатсың қайда асыға?
Күпініп жүргеніңмен
Күні ертең-ақ,
Кім кепіл бастан бағың таймасына?
“Дүние – қолдың кірі”
Жуылатын,
Мансаптың
Пісе бермей буына тым,
Сабаңа дер кезіңде түссең деймін
Естіртпей сатқындықтың суық атын.
Ойыма сені
Осы күн жиі аламын...
О, қалай жаманатқа қия аламын?
Ойланбай
“Достық” атты көгершінге,
Оқ атқан сен үшін
Мен ұяламын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ескі досқа өлеңінің авторы кім?

Қатира Жәленова — осы өлеңнің авторы.

Ескі досқа өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ескі досқа өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қатира Жәленова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ескі досқа өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері