Жаулап бір алған өмірдің күзі – Ұларбек Дәлейұлы

Бұл бетте «Жаулап бір алған өмірдің күзі» атты Ұларбек Дәлейұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1000
Жаулап бір алған өмірдің күзі,
Мазасыз ұйқы...
Түс, елес.
Түсіме кірді Қыпшақтың қызы,
Пері ме кім бұл?
Кісі емес...
Иіскеді екен кімдер төсінен,
Көз біткенді өзі тұр арбап.
Жымиып қойды...
Қыр желкесінен,
Қылыштың ізі қылаңдап.
Үңіледі бейуақ үнсіз де тілсіз,
Қашады күлкім,
Мазам да.
Қолымды тағы созамын үнсіз,
Дәруіштер жазған ғазалға...
Жақынымды алған,
Достарымды алған,
Ажалдың ізін қуалап.
Аңырап қалған тас қорымдардан,
Отырдым үнсіз сығалап!
Аузы қисайған аш ниеттерден,
Арқам бір терлеп,
Суынып...
Қуарып қалған жақ сүйектерден,
Жебенің ұшын суырып.
Құлағын тігіп мұңлы бір күйге,
Билейді ғасыр тамырын жазып.
Сүлкінім түсіп оралам үйге,
Ғұламалардың қабірін қазып.
...Үңіледі бейуақ үнсіз де тілсіз,
Қашады күлкім,
Мазам да.
Қолымды сосын созамын үнсіз,
Дәруіштер жазған ғазалға...

26. 07. 09 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері