Күз сарыны – Ұларбек Дәлейұлы

Бұл бетте «Күз сарыны» атты Ұларбек Дәлейұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 18.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1008
Иесіз бақ төрінде шымшық үні –
Хабарындай мына күз дүрсілінің...
Жапырақтың, қарашы, күрсінуін,
Жүрегімнің, қарашы, тұншығуын...
Анау қыздың қарашы, қырсығуын...
Дала біткен безініп өз гүлінен,
Қарашаның келерін сезді білем.
Бұталардың басынан тозаң ұшып,
Уақыт сырғып барады өздігінен.
Өз демінен тоңады сарша тамыз,
Жалғыздығы оның да сонша таныс...
Азу тісі ақсиып көшеді бұлт,
Жайлы болмас биыл да Арқада қыс...
Жапырағымен у сепкен жараңызға,
Беу, сағыныш!
Күз сіздің молаңыз ба?
Әлі сеніп отырмын аулама кеп,
Рудаки айтатын сол аңызға.
Қасіреті де шараптан күшті бірақ,
Ол құс енді, көзімнен ұшты жырақ...
Айға сүйеп басымды көз іліп ем,
Жалғыз тамшы кеудемнен түсті құлап.
...Күз сарыны сүйрелеп шалғайымнан,
Сайтан – елес көлбейді жан-жағымнан.
«Қара жердің сызы өтер, тұра ғой» – деп,
Түн жарықтық сипайды маңдайымнан....


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері