Сен болып ұшқан қаздардың – Ұларбек Дәлейұлы

Бұл бетте «Сен болып ұшқан қаздардың» атты Ұларбек Дәлейұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.01.2022
  • 0
  • 0
  • 680
Мынау бір салқын іңірдің,
Қаншама сызы өткенмен.
Қажытып шермен жанымды,
Тағы да құстар жеткенмен.
Мен сені айым, сағындым,
Сағындым һәм көп күттім.
Дәрменсіз жапырақ жанымның,
Тағатын әбден жеп біттім.
Көп күттім сені келер деп,
Келер деп сонау түстіктен.
Жолыңды жаспен бөгер деп,
Сырқаты ауыр қыс біткен.
Сағыныш серті қашанда,
Үміттің мөрін бекемдер.
Лашығымның маңында,
Адасқан бұлттар мекендер...
Сен болып ұшқан қаздардың,
Жүрегінде де мұң бар-ау!
Жабырқау жүзі жазғанның,
Тоспашы жолын құмдар-ау!
Шығыстан күттім және де,
Күттім көп мұнар батыстан.
Оянды екем қанша түн,
Қос жанарыммен от ұстап!..
...Қонақтап қалған ән еді ол,
Жауқазындардың жүзінде.
Жауқазын текті жан еді ол,
Қимаймын тіптен үзуге.
Жалықтым, күндер!
Онсыз да,
Жағасы, жеңі сан құрау.
Адасып жүрсе жолсызда,
Жеткізіңдерші жаңбыр-ау!

14. 07. 2010ж


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері