Өлең, жыр, ақындар

Хат ІІ

  • 22.01.2022
  • 0
  • 0
  • 543
Күз тұнжырап тұр ма тағы,
Тұнжыр-тұнжыр қыраттарда,
Түн жамылып жүр ме елесім
Ай осқырған бұлақтарда.
– Албасты ма, адам ба деп қарай ма оған
Мұрат көршім,
(Дәті жетсе мына мендей сағынышқа
шыдап көрсін!).
Үнсіз көзбен мені ұзатып сонда бір қыз
жылап қалған,
...Мен туралы ойлай ма екен жеңгесінен
сұрап көрші...
Күнде өксіп қарай ма екен тәні суық жолдарға анау,
Жылдар бойы жолдар алдап жоғалған сол
армандар-ау!
Менің мұжық құжырамды мұң баса ма күз жауғанда,
Жаны шіркін төзеді ұзақ өртену мен сыздауларға.
Жетек атпен кеткен атам жетпісінде жоғалған-ды,
Мұқыр атпен кеткен әкем мүгедек боп оралған-ды.
Мен сенбеймін белдерге анау қарсы алатын
қусаң ғана,
Сәби жасым сарқып ішкен тарғыл шашты
жусан ғана.
Сертке ұстар бұл жүректе сағыныштан басқа не бар,
Оның халі тіптен бөлек,
Жауға сайран, досқа мазар...
Күз тұнжырап тұр ма тағы,
Қурай басы жоқтау айтып,
Бізден жеткен қарлы бұлтқа қойсаңдаршы
тоқтау айтып.
Тұнжыр-тұнжыр атыздарда түн жамылып
жүр ме елесім,
Өз азабын тартсын солай ел қадірін білмегесін...
Мен сендерді сүйем қанша,
Сүйем қанша көк аршалар,
Басы мұнар балғын дәурен белең асып жоғалса да.
Қабағында сәуір бұлты, қарсы алады көктем жүдеп,
Күрсінуден шаршамайтын япыр-ай бұл
неткен жүрек?
Жалған сынды уәдешіл, тым оспадар адамдардан,
Бір белгісіз сезік күтіп Әкем қалған, Анам қалған.
Күз тұнжырап тұр ма тағы,
Күннің жүзін қырау басып,
Топ-топ тырна бара ма ұшып әлденені тырауласып.
Мен сеземін, мұң бар сірә, қабағында қарқараның,
Талпындырған сол елесті қуа-қуа шаршағамын.
Өмір солай болатынын білген таулар, білген әлем,
Құлағымда сыңсиды әлі арба жолға сіңген әуен.
...Қиянаттың алдында егер тұрсын десең
асқақ болып,
Мендегі отты сөндірші, інім!
Мұхиттарды бастап келіп...

17 маусым 2011ж



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сүрлеу

  • 0
  • 0

Бұл сүрлеу тым ескі...
Жүрмеші, Жан - Гүлім,
Күтпе одан сәуірдің самалын, жаңбырын.
Бұл сүрлеу тым ескі, есінде ешкім жоқ,

Толық

Түн. Өскемен. Алтайды аңсау

  • 0
  • 0

Ескіртіп жыл азабы,
Сарғайтып күн аптабы,
Өзіңмен қайран Алтай, қауыштым жылап
тағы.

Толық

Мен сол күні сен жайлы ұзақ ойландым...

  • 0
  • 0

Мен сол күні сен жайлы ұзақ ойландым...
Ақшам келді.
Арқа жаққа түн келді,
Есіл бойы,

Толық

Қарап көріңіз