Александрия маягы
Шалғайдан келер кемені, кемемен келер інісін ұзақ күткен сорлы қыз өз қолымен жасаған шыны шамның түбінде қалғып кетеді. Екі жылдық сарғая күту оны әбден шаршатқан еді... Фарос аралында түн ортасы ауа күшейген боран шамды құлатып сөндіреді. Қыз інісі мінген кеменің жақындап қалғанын сезбейді. Бағытынан адасқан кеме су асты құзына соғылып ғарық болады. Хабарды естіген ғаріп қыз жынданып кетеді...
Материялдан
Шетсіз-шексіз мұхиттан аттап өтіп аласа,
Босағама келді үнсіз қартаң жүзді қараша.
Қабағында қорқыныш, әлде уайым,
Әлде мұң,
Біздің елге қош келдің, қара шұбар сәлделім!
Көшелер тұр жүдеген, күркесіндей жесірдің,
Жесір көше алдында тайсалмастан шешіндің...
Қалған еді онсызда мезгілдерін аяқтап,
Бала құсымды үркіттің Қараөткелден таяқтап.
Саған бірақ жоқ өкпем, жоқ және де базынам,
Мен бір аңқау Ертіспін ерте айырылған қазынан.
Сендік шексіз зорлыққа жетсін кімнің қиялы,
Еске салдың кешегі зарлы Александрияны.
Жүрегі ізгі, аяулы адамдарға үндемей,
Мен де күткем біреуді қаңтар демей, түн демей.
Мендей шерлі шайырдың бір келер деп қасына,
Шырақ жағып қоюшы ем төсегімнің басына.
Оралмады ол әттең,
Оралмасын білген ем,
Кешкі бұлттың артынан үнсіз жылап тұрды өлең.
Жетім түскен көрдей боп, жұртым қалды
Алтайда,
(Жалғыз шырақ түбінде аңсай-аңсай қартайғам...)
Анам қалды тағы да ақ інгендей арыған,
Неткен мұңлық жан едім соры қалың бағынан.
Серіліктаудың сенделген мен едім ғой барысы,
«Ағажайдан» аумайды сәбиімнің дауысы.
...Ей, қараша, қараша,
Көктемдерден аласа!
Ұнатып та кетпеуші ем, жек көріп те сені аса.
Өкініштің мендегі ең соңғы улы тұяғы,
Неге салдың есіме зарлы Александрияны?!
Жайып тастап алдыма күрсіністер жинағын,
Бәтшағар-ау, тағы да неге ұзақ қинадың?..
Мендегі әлсіз үміт қой, қиын қылса ол да өлер,
Сеңдер көшіп ізімнен көктем келер, сел келер.
Талай-талай жүрегім сағынышқа тербелер,
Таяғына сүйеніп, табытымды арқалап,
Қызыл-жасыл дүние әлі талай дөңгелер.
...Серіліктаудың сенделген мен едім ғой барысы,
«Ағажайдан» аумайды сәбиімнің дауысы...
Бұлдыр-бұлдыр белдерден аттап өтіп аласа,
Буырқанып, бусанып бізге жетті қараша.
...Ей, қараша, қараша,
Көктемдерден аласа!
Шемен буған шайыр деп ескермессің мені аса.
Қарлы бұлтқа ілісіп, қиыр шеттен жеткен күз,
Күте-күте біз сені күдер үзіп кеткенбіз.
Сендік бейқам көңілдің қағып қалып арқасын,
Салған әнім жаңғыртар Александрия жартасын...
01. 11. 2009ж
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі