Өлең, жыр, ақындар

Көл үстінде

  • 27.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1000
(аударма)

Кешкі желмен әндетіп тілдесемін,
лақтырғандай кеңілден мұң кесегін.
Қарағайлар қосылып әуеніме
көлдей көркем көңілмен күн кешемін.
Айналамды қоршаған сұлулықты
жырға қосам осылай бірнеше күн.
Көз салмайды көл маған жағадағы,
жатыр үнсіз жай тауып жаңа жаны,
маужыраған әйелдей бейжай күйі
көк аспаннан көз алмай қадалады.
Нұр шапағын аспанның тартып алып
аққу мойнын арудай таранады.
Сұлу көлге керілген кеште кілең
бар табиғат елтиді шет-шегімен.
Қалықтаған қайық та көл-арудың
айна жүзін сипайды ескегімен.
Қарағайлар қаз тұрып тамсанады,
сұлулыққа сүйсінбес жан шамалы.
Кеудесінде түнгі оттар жымыңдасып,
айналаның барлығы ән салады.
Келе жатыр үш көзді жылан жылжып
болат жолмен,
оны да қарсы алады.
Жар басында көріп мен түрмын бәрін,
тыңдап кешкі әлемнің мұңды ырғағын.
Қара мәрмәр зират тұр жоғарыда,
төменде — жол белдеуі қыр-жылғаның.
Арасында моланың, түн жарымда,
қол қусырып үн-түнсіз тұрғанымда
дағарадай қалпағым, көрсе біреу
қорқар еді: "Шайтан,— деп,— тұр ма мұнда?"
Бірақ ешкім көрген жоқ мені жерде,
екі ғашық нұр тұнып өң-іреңде,
бір-біріне қарайды, істері жоқ
ештеңемен, ешкіммен, менімен де.
Оларға тек қажеті сезім ғана,
мен тілеймін айдынның демін ғана.
Ал ару көл қалайды жырларымды,
еркіндікті, шуақты, нұр, жалынды.
Қараңғылық қоюлап іңірдегі,
байқалады тұман да түрілгені.
Қыз келеді теменде ойлы, жалғыз -
көріп тұрмын ап-айқын - түріндегі
сағынышын, мұңын да.
Одан әрі
баспалдаққа отырды моладағы.
Мені көріп тұрған жоқ, байқамады.
Маған аян бұл қыздың айтар әні,
жырақ кеткен арманы тұманданып,
енді қалай жас көңіл жай табады.
Саяжайлар от көзі күлімдеген,
құлақ түрем күлкіге, күбірге мен.
Самауырдың оттары, шылым иісі...
Жас арудың мұңды, үнсіз түрін көрем.
Жалғыз отыр, көңілі құмар, алаң,
қазір қажет еместей бұған адам.
Китель киген офицер қисалаңдап
келсе,
қуар қыз оны бұл арадан.
Қадайды алыс тұманға ол жанарын,
балапандай үзе алмай тор қамалын,
қарайды алыс жақтарға,
менің көзім
жетпейтіндей, қарауға қорғанамын.
Нәзік тұлға! Не деген арай күн ең!
Есімі кім? Япырай, қалай білем?!
Аделина? Мария? Фекла ма?
Атап тұрмын ішімнен талайды мен.
Ал ол болса әлі үнсіз қадалады
көкжиекке,
сол жақта сана, жаны.
Мұртты офицер жақындап келе жатыр –
қуады оны қыз қазір! Бар амалы
таусылғасын офицер жырақтайды,
ойға батып қыз өзі қалады әлі!
Қолын алды жас қыздың тұрған алда,
жарғақ көзін қадайды нұр жанарға.
Кенет сүйе бастады - тұрмын әрең –
жетеледі дачаға! Жынды адам ба?!
Қарқылдадым олардың төбесінен,
Мұртты офицер. Тансын деп сол есінен.
Тас лақтырдым, құм төктім, ызыңдадым,
кительдіге осынша неге өшігем?
«Фекла!» деп сосын мен дауыстадым,
есі кетіп шыққандай ғарыштан үн,
не істерге білмеді екеуі де,
көрдім қыздың кительге жабысқанын.
Тас лақтырған, күлген кім - ұға да алмай
жанталасып жүгірді, алыстадым.
Қайырлы түн!
Шығып ап биік жарға
айқайладым, алысқа, қиырларға.
Жарқырайды төменде ару айдын,
тыныштықтың толқынын құйып жанға.
Қол астымда түрғандай әлем менің
шаттанамын, қуаныш - жан ермегім.
Көлеңкемді қондырған айдын көлге
бар дауыспен айқайлап «сәлем!» дедім.
Жоқ үрейдің не мұңның мұнда табы,
Ару орман «сәлем!» деп тіл қатады.
«Қош бол!»—десем, «Қош! Қош!» — деп
қайталайды,
қимас сәттер жаныңа қымбат әрі.
Тек көл ғана тіл қатпай қарысады.
Естілмейді толқынның таныс әні,
Бірақ ақ түн, құдай мен қарағайлар
ақ айдынның төсінде табысады.
Ойға шомған ақ түннің серігімін,
Келе жатыр үйге алып мені бүгін.
Жел ышқынып, вагондар зуылдайды,
Естігендей боламын сенім үнін.
Бөлмеме енді, мінеки, таң жарығы,
Таң жарығы қашан да жанға жылы,
Қітаптарды, столды, төсегімді
жылытып тұр (жылытпаған жер жалыны).
Жылытып тұр столда жатқан мына
актер әйел жолдаған хаттарды да:
«Шаршап біттім. Аурумын. Гүл де мені
қуантпайды.
Жанымды мұң жеңеді.
Хат жазыңыз және де кешіріңіз...»
Нәзік сөздер. О да бір күндер еді
ұғынысқан, өбіскен, ән тыңдаған...
Жазуыңнан елестер қалпың маған,
Күн нұрымен лаулайды әрбір әрпі,
Шашыңдағы жақұттай жарқылдаған.

АЛЕКСАНДР БЛОК



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен қайда жүрсің

  • 0
  • 0

Сен осы қайда жүрсің –
мұңайтып мені осынша, сағындырып,
жанымды, жүрегімді жалын қылып,
ешкімге ұқсамайтын күн бейнеңді

Толық

Бойым дел-сал қалғандай жайрап денем

  • 0
  • 0

Бойым дел-сал қалғандай жайрап денем,
шатастырып күнді аймен, айды аптамен,
ыққан малдай сезімді оқтын-оқтын
ақыл-дана алдына айдап келем.

Толық

Қашу

  • 0
  • 0

Ойлап жаттым - түсім бе,
сандырақ па, саумын ба:
кенет жаңбыр ішінде
жаурап жалғыз қалдым да,

Толық

Қарап көріңіз