Нерудаға наразылық – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Нерудаға наразылық» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 999
— Не еткен ғасыр бітпейтін!
Қашан сенің жұт кейпің,
жоғалады кара жерден мәңгілік?
Жеткен жоқ па ойқастауың жанды үгіп?!
Жоғала ма, құлай ма әлде құрдымға,
Әлде бізді жеткізе ме бір нұрға —
жеңісіне революциялық күрестің?
Әлде алғашқы қоғамдағы тайпа, адам
өміріне келеміз бе қайтадан?
Жүрсек те ылғи бір күлімдеп, жүз жылап,
ұрандарға, үміттерге алданып
өмір көшін жалғадық;
бұл ғасырда бірақ біз
ойлағандай өмір сүре алмадық...
Пабло Неруда. «Ақырзаман».
Алып тұлға, жыр — көсем!
Сеніменен күн кешем:
тынымсыздау планетада қарыштап,
жауыздықты жырларыңмен жаныштап
жүргендейсің күнде сен.
Ұлылықта өткен шақ жоқ — бүгін бар,
болашақ бар, яғни ғұмыр бар,
мен сондықтан бүгін қатар жүргендей
өзіңменен тілдесем.
Жауыздығын жылтыр сөзбен жасырған,
адалдықтар ашынған,
жиіркендің бе жиырмасыншы ғасырдан?
Әшкерелеп дәуіріңнің сұм мәнін,
кекті ызамен жырладың:
«әйел жанын нәзіктіктей серігінен айырған,
адам жанын қасиетті сенімінен айырған,
көк заңғарды биіктіктен айырған,
әділеттің қолын артқа қайырған,
жағымпазды жалдандырып, баптаған,
шыншылдық пен аңғалдықты таптаған,
Виделадай ақымақ па — ол мейлі
- баға жетпес тақты адам,
тыныштықтың нұр таңын
ескертумен көз ашқанша құртарын,
ой мен арға сүлгі беріп сүрттірген
ұятсыздың ұлтанын,
бұғағынан бауыздатқан құрсақта
адамзаттың ұрпағын,
теңіздерді арнасымен құрғатқан,
көлді айырған мөлдірліктей қымбаттан,
жан баласын алшақтатқан
киелі
табиғаттай құндақтан,
қапелімде пәк болмысын ұрлатқан
дүниені мұң жапқан;
ар-намысты аластаған у беріп»
бұл ғасырдан құтылғанша асықтың,
ал, мен оған ғашықпын:
жүрген кезде адам арып, жер жүдеп,
революцияның алау Туы желбіреп,
адамзатта ұлдар шықты ержүрек
теңдік пенен әділетке шақырған,
жалындаған жыр төгілді ақыннан.
Жер бетіне төнген бұлтты жүгендеп,
қайта шықты Күн өрлеп,
коммунистер Туы тұрды алаулап,
жүрегімнің жұлдызынан таң аунап,
жер шарына шашырады шуақтар,
ол шуақта үміт деген қуат бар.
Жүрегіме қуат құйса, тасыдым,
жабырқатса, жасыдым,
дүлейіне, шуағына көмілгем -
маған қымбат ғасырым!
Кектілер мен мұңдыларға жолдас ең,
менде де, рас, алдым - асу, жолда – сең,
бір ақиқат -
бұл дауылды ғасырсыз
сен тумас ең,
Тіпті мен де болмас ем!
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Нерудаға наразылық өлеңінің авторы кім?

Фариза Оңғарсынова — осы өлеңнің авторы.

Нерудаға наразылық өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Нерудаға наразылық өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Фариза Оңғарсынова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Нерудаға наразылық өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері