Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы
Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.
Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы,
өмір жайлы, дос жайлы жаз арайлы,
жақсы, жаман ойлар кеп оңашада
маған тыным бермейді, мазалайды.
Бірі тартып әлемге бұлты үрейлі,
бірі айтады: қайғы мен күлкі мейлі
алмасса да, әйтеуір тірлік артық –
деп, барлығы жанымды сілкілейді.
Басым қатып – қайсысы саналы ұғым,
(тартыс десе қарлығып қалады үнім)
отырамын дел-сал боп, әділ шешім
шығаруға жетіспей даналығым.
Біріне ерсем – тып-тынық жатар ғалам,
екіншіде – дүние қатал маған,
дәрменсізбін бір сәтте, енді бірде
найзағайдай жарқылдап, қаһарланам.
Не еткен болмыс: ертең – сау, бүгін –жерік,
күн кешпей ме қалыпты ғұмырға еріп?
Өзге түгілі, осынау болмысыма
отырамын өзім де жыным келіп.
Өзгермедім бұл күйден, «оңдалмадым»,
сездім жерде бұралаң жолдар барын.
Құздан құлап қалар ем, болмаса егер
періштедей менің дос-қорғандарым.
1985
-
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі