Менің пірім, тірегім, тұғырым да
Бұл бетте «Менің пірім, тірегім, тұғырым да» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Менің пірім, тірегім, тұғырым да,
әшекейлі алқам да, бұрымым да,
қолдаушым да – жалғыз-ақ елім менің,
қастерлімнің бәрі бар бұл ұғымда.
Елдің сезім, сенімі…
Ғұмырда ешкім
қосып жеткізе алмайды мұны жырға.
Бұл ұғымда – қуатым, ғажап әнім,
күнге ұқсаған ып-ыстық таба наным;
бауырлардың сезімі, сенімдері
менің қамымды ойлайтын сан ағаның;
ел-дегенім – самалды Саумалкөлім,
тұнығында жүземін, таранамын.
Өз-өзімнен кей сәтте түңілемін,
мен дегенде бұзардай Күн реңін,
үйреніп ап «Мен жақсы» ариясын,
сұңқыл қағып шырқаймын мұны керім;
ұқпай қайдан жақсы боп туғанымды,
сіңірмесе бойыма нұрын елім;
сіңірмесе қаныма жақсылығын,
жайсаңдығын, тәтті әнін, ащы жырын;
көкірегіме кеңдігін сыйғызбасам,
қасиетке менің де тапшылығым!
Сенсіз биік қиялар қиял ғана,
менің асқақ діңгегім, бас тұғырым!
1982
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі