Өлең, жыр, ақындар

Қари қыз хикаясы

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 978
Теңсіздік таласы мен аштық араны жайлаған иен даланың тоғыз торап жолында кез болған балғын қыз бен балаң жігіт талғамнан тарығып әрең келеді. Қыз - қари. Құлқын құштарлығы қаншама құдыретті болғанымен, бозбала бойындағы жанашырлық сезімнің иненің жасуындай сәулесін сөндіре қойыпты. Құлап-сүрініп аяғын әрең сүйреткен қызды ара-тұра сүйемелдей, бет алды құла түзде қаңғығалы да талай түн мен күннің жүзі ауған.

Қыз көкірегінде жанындағының жарық дүниені көріп, көсіле қадам басқанына қызығу мен қызғаныш ыза боп қайнайды. Басы-көзі демей сабалап, кет-кеттің астына алады. Біраз уақыт өткесін, бәрібір жанында келе жатқанын сезеді.

Оның дидарын көргісі келеді.

Бір-біріне сүйеніп көз шырымын алысады. Таң атып қалса керек - қыз оянды да, екі қолымен қорғана жүріп, толқынның сыбдырын бағдарға ала, өзен жаққа кетті.

«Құбыла бет осы болар» деп жүрелей отырды да, алақанын жайып күбірлей бастады...
І
Жасаған алла, тәңірім,
жетер ме саған зар үнім?!
Жалғанның жағып жарығын
жалғадың тірлік тамырын,
жанары сөніп мәңгіге
зарлаған мен бір ғарібің,
алақаны жібек, жаны — күн,
жанымда жүрген жас бегім
жүзін көре алмай арыдым,
тұтқасы тұтам тірліктің
түндері — қайғы, таңы — мұң.
Пейілмен өбер анам жоқ,
мейірімін төгер бабам жоқ,
сеніміне бөлер ағам жоқ,
басымды сұғар панам жоқ.
Құрдымы керең құздардан
мені құтқарар амал жоқ —
көретін менде жанар жоқ.
Жарық дүниені көрейін,
жасыл жалғанды өбейін,
барлық азапқа көнейін,
жанымның жылу-жарығын
жүректің нұрын –жалынын
жетім көңілге төгейін —
шырағымды бер, жасаған!

ІІ
...Әлқисса, қыз отырды жалбарынып,
кейпінде - азапты зар, арман, үміт,
Бір сәуле найзағайдай жарқ етті де,
дүние жүре берді таң жамылып.
Жетті ме зары көкке ғаріп құлдың,
түнегі түрілгендей тамұқ-түннің
талықсып қыз құлады танып естен,
салмағын көтере алмай жарық күннің.
Оянды жігіт шуақ аймалаған,
жылудан мейірленер қайран адам.
Жанында соқыр қыз жоқ. Қорқынышпен
іздеді, атып тұрып, айдаладан.
Айбала есін жиды. Шын бар жарық?!
Жігіттің дидарына тұр қадалып.
Екеуі қол ұстасып кете барды,
жер көркем, көк тұр алтын нұрға малып.
«Ой, қайран Жарық күннің нұр бедері!
Түрілді көз алдымнан түн желегі!
Неге адам жәннат жерде жүріп, ылғи
аңсайды жұмақ деген бірдеңені?!»
Сайда бір ауыл тұрған. Қырғын маңы,
естілді сәбилердің шыңғырғаны.
Қарулы салт аттылар ойран салып,
айбалта, қылыштары сыңғырлады.
Толықсып тұңғыш күткен арда көрік
ананың ішін жарған шаңға көміп,
оралып кіндігіне, о жасаған,
жанында сәби жатыр қанға бөгіп.
Сыздатып жүректерін шуыл мына,
екеуі бір ысып, бір суынды да,
атылды арыстанша жігіт сосын,
қылышын қынабынан суырды да.
Бұл айқас адалдығы, арына сын,
сын сәтте бір-ақ заңға бағынасың.
Жетеуін жер қаптырып, жігіт те өлді, -
қашанда зұлымдықтың саны басым.
Дүние дөңгелейді, жел үреді,
қанталап қарауытты Жер іреңі.
Жігіттің денесіне жасы тамып
жапанда қыз бейшара егіледі:

ІІІ
Жаратқан Алла — құдайым,
тағы да саған жылайын,
жамау да жасқау жанымның
жыртығын қалай құрайын?
Жанашыр жанның жамалын,
жалғанның жарқын жанарын,
мейірімді жүзін ананың,
жапырағын жасыл жағаның
көзіммен көрем деп едім,
жалынып едім — жебедің,
азабың артар демедің,
жарығына күннің бөледің.
Көзімді ашқанда, о, менің
зұлымдық па еді көрерім?
Торыққан, тозған, жабыққан,
алауыздықтан зарыққан
қастандық ойлап, қандасып,
адамға адам жауыққан —
жарық дүние дегеннің
несі артық сонда тамұқтан?
Түнекті тағдырым Күн екен
тұншыққан мұндай жарықтан.
Адыра қалсын жарық таң!
Жанарсыз — нұрсыз зарлы едім,
көз бердің — көрдім қан, кегін,
жалынам құрып дәрменім,
жасаған, болсын жәрдемің —
қасіретін жердің көрсетпей
қос шырағымды қайта ал менің!
1992



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көрінбей кетсең, сені мен

  • 0
  • 1

Көрінбей кетсең, сені мен
көруге тіпті құштармын.
Жаныма жақын келіп ең -
келмеді бірақ тіс жарғым.

Толық

Жайсаңдар кетті...

  • 0
  • 0

Өзбекәлі аға дүние салғанда…
Маңдайына біткен халқымның
дара тұлға едің, жан аға.
Сөнгендей көкте алтын Күн,

Толық

Сағынып оралар ма ем

  • 0
  • 0

Сағынып оралар ма ем
алыс жолдан жеткенше асық болып,
сен бар-ау деп шаттықтан тасып-толып,
дүниеде көзіне басқаны ілмей,

Толық

Қарап көріңіз