Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1394
Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым,
арайдан үміт тұнған тарайды ағын.
Шашыңдар шуақтарды, кеуде-ұядан
қияға қанат қақсын сан ойларым!
Шыр еткен ойларым тең жас баламен,
ойларым жырдың нұрын шашса деп ем.
Адамдай, қажет екен оларға да
құндақ жер, күн шуақты аспан, әлем.
Алайда ә дегеннен шашпай жақұт,
шыңдайды перзенттерін, баптайды уақыт.
Кемесін жарға соққан жандар қанша,
өз орнын, өз бағасын таппай жатып.
Шыдамай мезгіл атты құйын-желге,
толқынын теңіз-өмір үйіргенде,
қанаты балаң ойдың қайырылып,
қаз басып қалуы да қиын жерде.
Шаш мәңгі шуағыңды, Күн қайнары!
Суарсын мейірімнің нұрлы аймағы.
Онсыз да қыран қанат қатайғанда,
шыңдардың дауылдары шыңдайды әлі!
Ойларым – елім, тілім, ар-намысым,
шығады солар үшін жан дауысым.
Қыран да қара жерден жылу алар
мәңгілік қияларға самғау үшін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері