Масаты жер құбылған жұмақ таңда – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Масаты жер құбылған жұмақ таңда» атты Фариза Оңғарсынова жазған жәннат туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1036
Масаты жер құбылған жұмақ таңда
талай-талай салса да мұз, ақ қарға,
мені қателестірген, күрсіндірген
жылдарымды қимаймын ұзатқанда.
Жылдастардың қадірін, дос қадірін
білмей, сезбей өтіпті босқа күнім.
Естімеппін торғайдай шырылдаған
жанашырдың өзгеден оқшау үнін.
Талай мезгіл жүргенмен бағаланбай,
енді солар қымбат-ақ маған ардай;
қоласы да күміске айналыпты,
күмістерін алтын бу жалағандай.
Жауласудың, жаттықтың нақ себебі
болмаса да,
баурап ап басқа мені,
қол үзіппін көбінен. Көңілімнен
аққу ұшып, көзіме жас келеді.
Келте өмірім тұғырдан таяр әлі.
Достар екен жанымның сая бағы:
ескілері, жаңасы
өмірімнің
әр тұсында қаншалық аялады!
Алғы жылым, сен де сал сынақтарға,
мейлі алдымда құрылған тұзақ бар ма,
тек,
оларсыз жарылған Жерге ұсаймын –
достарыммен араға сызат салма!..
1986


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері