Өкпелеп жүрсіңдер ме? – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Өкпелеп жүрсіңдер ме?» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1775
Өкпелеп жүрсіңдер ме?
Жетпегендей бір демі тылсым кеуде
тұншығады бейуақыт сендерді ойлап
оңаша күрсінгенде,
жарқын аға, жақсы дос, сыршыл жеңге,
шыныменен өкпелеп жүрсіңдер ме?
Жаюшы ем сырымды ұдай,
келмейсіңдер жарқылдап бұрынғыдай.
Сонау күнде ерке едім, ойламаушы ем
өздеріңсіз өтер деп ғұмыр бұлай.
Серпіп тастап көңілдің мұңын былай
мен де күлгім келеді бұрынғыдай.
Даңқы ма, атағы ма,
ағыл-тегіл байлық па – ата мұра,
мен туған датаны да
жатсын тойлап жапырлап жат ел мейлі –
түк рақат жаныма әкелмейді.
Мен сенбеймін ләззат татарыма,
қосылмасам сендердің қатарыңа!
Әлде бойын үйретсін дейсіңдер ме
мәңгі серік – жалғыздық сапарына?
Басып жатыр айқайға үнсіз кеуде.
Өкпелеп жүрсіңдер ме?
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері