Жылап жатам, төсектен тұрам жылап
Бұл бетте «Жылап жатам, төсектен тұрам жылап» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жылап жатам, төсектен тұрам жылап.
Жеңілдік жоқ жаныма мұнан бірақ.
Ақыл-шыңға әл бермей,
жайлау-жанға
шапқылайды құлдырап құмар-бұлақ.
Ал жайлауым көрсетіп қарасын жай,
жеткізбейді қазақтың даласындай.
Көңіл-құнан қаншама құйғытқанмен,
болмас шыдам-жарауды таң асырмай.
Таң асырмай болмайды атбегідей,
көлеңкеде көңіл-мұз қатты, ерімей,
жылынатын шуақ аз жастықтағы
жүргеніңде тауға өрлеп, бақ кемімей.
Жылдан жылға тайғақтап сын шатқалы,
әнтек бассаң – құздары бұлтартпады:
бір кез бабам жіберген қателіктің
тақсіретін тартуда ұрпақтары.
Жүрек отым шарпылды мұздар соғып,
гүл-сезімім солыпты ызғар сорып.
Бара жатқан секілді қан тамырым
шөлейттегі сортаңды тұздай солып.
Жүрем кейде жауынсыз жердей жүдеп,
түңілуден ешкімге сенбей жүрек.
Сенетінім –
түбінде ақыл-дана
қиындықты терідей шелдейді іреп!
1985
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі